Әнші Ayree Tengri TV YouTube арнасында онлайн концерт береді

Әнші Ayree Tengri TV YouTube арнасында онлайн концерт береді
Фото: tengrinews.kz

Alash Media Group медиахолдингі Pantograph продюсерлік орталығымен біріге отырып, #КвартирникTengri онлайн-концертін жалғастырады. Бүгін, яғни 11 сәуір, сағат 18.00-де қазақстандық әнші Ayree Tengri TV YouTube арнасында жанды дауыста ән шырқайды.

"Мен бүгін, яғни, 11 сәуір күні сағат кешкі 18:00-де тікелей эфирден live-концерт беремін. Мен сіздердің көңіл-күйлеріңізді өз шығармашылығыммен көтермекпін, ескі әндерді де, жаңаларын да орындаймын, сол себепті барлығыңызды менің концертімді тыңдауға шақырамын. Әрине, мен сіздердің барлығыңызға көтеріңкі көңіл-күй тілеймін, уайымға берілмеңіздер, қолымызды жиі жуып, өзімізге де, өзгелерге де қамқор болайық. Үйде отырайық", - деді Ayree.

Ayree үздік туындыларын орындайтын концерт тек Tengri TV-дан тікелей эфирде ғана емес, сонымен қатар Жетінші арнаның YouTube-каналынан, Aitube-тан, Tengrinews.kz-тің Вконтакте парақшасынан, "Жұлдыз FM" радиосынан беріледі. Концертке KZ Sound компаниясы техникалық қолдау көрсетеді.

Әнші карантин кезінде вокалмен айналысатынын, видео-контент түсіріп, биографиялық фильмдер мен концерттер көретінін, сонымен қатар отбасына көп көңіл бөлетінін айтты.

"Мен қалыптасқан жағдайға байланысты көп алаңдаймын. Уақытымды пайдалы нәрсе жасауға арнауға тырысамын, бірақ қазіргі жағдайға қатысты мазасыздыққа ерік беретін кездер болады. Әрине, мен өз жұмысымды жалғастырып жатырмын, онлайн вокалды сабақтарын беріп, спортпен айналысып жүрмін. Қалай болғанда да, мен жайсыз сезімді жоюға тырысамын. Бұл өте қиын. Өйткені мен үнемі үйдемін", - дейді әртіс.

Әнші уақытты жоғалтпауға кеңес берді: "Уақытты ысырап етпей, өзіңізге де, қоғамға да пайдалы іспен шұғылданыңыз",-деді ол.

Ayree кәсіби музыканттар Сымбат пен Әлия Ракишевтердің отбасында дүниеге келген. Алты жасында домбыра класы бойынша Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған кәсіби музыка мектебіне оқуға түскен. Аталған музыкалық мектепті бітіргеннен кейін, вокал класы бойынша Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде оқуын жалғастырды. 

Ayree "Қазақстан дауысы" (2013 жылы) жобасына қатысқан. Әнші музыкалық мансабында түрлі тілдерде 100-ден аса ән орындаған.

Естеріңізге сала кетейік, #КвартирникTengri жобасы COVID-19 вирусымен күресте қорғану шарасын сақтауға шақырады. Бұған дейін жобада Urker тобы, Motor-Roller рок-группасының лидері Ильяс Аутов, әнші Son Pascal және BluesMotel тобы өнер көрсетті.

Бүгін кешке 18.00-де Ayree Tengri TV YouTube арнасында онлайн концерт бередіі. Қапы қалмаңыз!

А. Оралқызы