“Шәмші әлемі” атты үлкен концерттік қойылым өтеді

Қазақстанның халық әртісі, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай Нұр-Сұлтан (19 наурыз) және Алматы (14 наурыз) қалаларында  “Шәмші әлемі” атты үлкен концерттік қойылым өтеді.

Көрермендерді 50-60 жылдардағы қайталанбас ретроатмосфера күтеді. Концертке Нұр-Сұлтан мен Алматыдан белгілі опера солистері қатысады. “Шәмші әлемі” концерттік қойылымына Берлиннен София Гарделадзе (сопрано), Бішкектен Саян Исин (тенор) және Конго Республикасынан “Джамбо-Джамбо” тобы арнайы шақырылған. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтандағы концертте қазақстандық танымал әнші, көпшіліктің сүйіктісі Сәкен Майғазиев өнер көрсетеді.

Жобаның авторы – композитордың ұлы, Абай атындағы опера және балет театрының дирижері, “Болашақ” бағдарламасының түлегі (Juilliard school, Нью-Йорк, АҚШ) Мұхтар Қалдаяқов.

Шоу Астана симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен, барлық әннің жанды орындалуымен, Болат Аюхановтың жетекшілігімен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік классикалық би ансамблінің орындауындағы би композицияларымен ерекшеленеді. 

Спектакльдің режиссері – Кремльде Димаш Құдайберген концертінің қойылымын қойған, танымал режиссер украиналық Андрей Еремин.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде композитордың 90 жылдық мерейтойына орай Шәмші Қалдаяқовтың кез келген әнін орындап, өз парақшаңызға #ШӘМШІ90ЖЫЛ #ШАМШИ9090 хэштегтері  арқылы жариялай аласыз.