Краудфандинг. Алаштың "Алдаспанын" бірге қолдайық!

Краудфандинг. Алаштың "Алдаспанын" бірге қолдайық!

Электродомбыраны сахна төріне алғаш алып шыққан "Aldaspan" тобы Оңтүстік Кореяда өтетін Seoul Music Week фестиваліне шақырту алды. Ұлттық этно өнерді ұлықтап жүрген жігіттерге осы жолы халықтың көмегі қажет-ақ болып тұр.

Ертеректе қазақ халқы қиын-қыстау кезеңде бір-біріне жылу жинап көмектессе, бүгінде осы бір дәстүрдің әлемдік баламасы ретінде краудфандингті айтуға болады. Ағылшын тілінен аударғанда краудфандинг “халықтық қаржыландыру” деген мағынаны білдіреді. Яғни, интернет арқылы белгілі бір жобаға халықтың, көпшіліктің қаржы жинап беруі. Мұндай көмек түрлі мақсатқа бағытталуы мүмкін. Ал біз айтып отырған "Aldaspan" тобының бұл жолғы мақсаты – Оңтүстік Корея жерінде қазақ өнерін таныту.

"Aldaspan" этно рок тобының негізі 2011 жылы қаланған. Олар электрлік домбырада өнер көрсетуімен танымал. Топ орындаған музыкалардың сөздерінде ел ұлдарының ерліктері, қажыр-қайраты, әскері жайлы айтылады. Сондай-ақ, ежелгі түріктердің әскери эпосы орындап та танылып жүр.

"Eurasia Music Hub шарасында біз көптеген ауызша шақыртулар алдық. Бірақ солардың ішінде Seoul Music Week шоукейсінің біз үшін маңызы зор. Қазақстандық топтардың мұндай деңгейдегі фестивальдерге қатысуы үлкен жетістікке бастау болады. Бірақ олар әзірге тек "Алдаспанды" таңдап отыр. Аталған шоукейске қатысушы 10 топтың 9-ы халықаралық келісімшартқа қол жеткізеді. Қазақстан туының әлем сахналарында желбірегенін қалайтын кез келген қазақстандықтың қолынан келгенше көмектесуін сұраймыз. Біз ол ақшаға билет алып, шараға ұшып барып өнерімізді көрсеткен соң елге оралуды жоспарлап отырмыз. Жиналған қаржыға қатысты міндетті түрде ел алдында есеп береміз. Бұл біздің ортақ жеңісіміз. Сіздерге алғыс білдіреміз. Алға, Қазақстан!" - деді топ негізін қалаушы Нұржан Тойшы.

Өткен жылдың шілде айында Нұр-Сұлтанда өткен Eurasia Music Hub халықаралық конференциясы шеңберіндегі шоукейс кешінің көркі болған "Aldaspan" тобына ерекше ұсыныс Халықаралық Seoul Music Week шоу-кейстер фестивалінің директоры әрі Ulsan Jazz Festival шарасының бас директоры Юнг Хун Ли мырзадан түсті.

Юнг Хун Ли – Халықаралық Seoul Music Week және Ulsan Jazz Festival фестивальдерінің бас директоры және көркемдік жетекшісі, 2018 жылдан бері ACC WORLD FESTIVAL — Asia Culture Center, Eden Valley фестивалінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарады.

Бірнеше жыл бойы ол Пусан Университетінің Кинематография және сын факультетінде профессор болған. Сонымен қатар, Юнг Хун Ли Корея мен ЕО арасындағы мәдени байланыс комитетінде кеңесші қызметін атқарған.

Халықаралық Seoul Music Week шоу-кейстер фестивалі – бұл музыка әлеміндегі кәсіби мамандарды біріктіретін шара. Халықаралық фестиваль-жәрмеңке кореялық музыканы дәріптеуге арналған. 2020 жылғы Seoul Music Week 22-24 мамырда өтеді.

Қазақстандық "Aldaspan" тобы қазақ халқының ұлттық музыкасы мен музыкалық аспаптарын халықаралық аудитория мен музыка бизнесінің өкілдеріне таныстырады. Сонымен қатар топ мүшелері конференциялар мен “speed meetings” кездесулеріне қатысып, өз өнерін шетелдік делегаттарға паш етеді. Оларға Кореямен қоса, өзге де түрлі елдерден келген музыканттармен танысып, коллаборация жасау мүмкіндігі беріледі.

Кореяның астанасы Сеул қаласында өтетін  SMW шарасына әлемдік музыка бизнесінің 30-дан астам алпауыттары келеді деп жоспарланған.

SMW 2020 фестиваліне қатысудың маңызы қандай? 

"SMW – бүкіл әлемдегі аса ықпалды музыкалық нарық. Seoul Music Week шоукейстерінде өнер көрсету –  халықаралық аренаны бағындырғысы келетіндерге таптырмас жол",- деді Seoul Music Week шоукейс фестивалінің директоры Юнг Хун мырза. 

Өнерпаздар музыкалық топ ретінде қандай артықшылықтарға қол жеткізе алады?

"Егер топ аталған фестивальдің шоукейстерінде өнер көрсетсе, демек оларды әлем музыка бизнесінің ірі өкілдерінің көзіне түсу мүмкіндігі бар. Мұндай қонақтар – атақты фестиваль директорлары немесе ұйымдастырушылары. Сондай-ақ  өнерпаздар  жеке кездесу жасап, тығыз байланыс та орната алады".

"Қазақстандық "Aldaspan" тобының Seoul Music Week шоукейс фестиваліне шақырылуы –​ Eurasia Music Hub шоукейс фестивалінің алғашқы нәтижесі.
Seoul Music Week биыл осымен 5-ші рет өткізілмек. Оған Еуропа, Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, АҚШ пен Канададан делегаттар келеді.

Аталған шара делегаттары – әлем музыка нарығының басты ойыншылары, сондықтан олардың көзіне түсу – әлемдік аренаға шығып, түрлі фестивальдерде өнер көрсету мүмкіндігіне қол жеткізудің кілті. Музыка саласы өкілдері өнерпазды жанды дауыста тыңдап, "тірілей" көріп бағалағанды жақсы көреді. Мұның маңызы зор.

Делегаттар әртістің өзін сахнада қалай ұстайтынын, аудиториямен қарым-қатынасын, өзге де көзге көрінбес детальдарды сынайды. Eurasia Music Hub фестивалі осындай мүмкіндіктер сыйлау мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Яғни, делегаттарға қазақстандық музыканттар көрсету, оларға әлемдік аренаға жол ашу"- деді Eurasia Music Hub шарасының халықаралық кеңесшісі, JV-Promotion агенттігінің иесі Юлиана Волош

Топ қазақстандық және алыс-жақын шетелдік музыка сүйер қауымның көзайымына айналған The Spirit of Tengri және The Spirit of Eurasia музыкалық фестивальдерінің аясында алғашқы жылдардан-ақ өнер көрсетіп келеді.

"Әлемнің қай түкпірінде болсын мұндай шоукейсте өнер көрсетуге шақырту алу оңай дүние емес. Өнерпаздар оны жылдар бойы күтеді. Әсіресе, Seoul Music Week пен WOMEX шараларына тап болу қиынның қиыны.

Жігіттердің Eurasia Music Hub фестивалінде Юнг Хун Ли мырзаның көзіне түсуінің өзі жеңіспен пара пар. Тек Қазақстан ғана емес, Орта Азия атынан қатысатын жалғыз топ халықаралық тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болады ", - деді The Spirit of Tengri фестивалінің бас продюсері Жан Кастеев.

Оның айтуынша, топ үлкен іріктеуден өтеді. Оның нәтижесінде үздік шыққан 9 топ ауқымды музыкалық шаралардың арт-менеджерлерімен келісімшартқа отырып, гастрольдік сапарларға шығады. Өзге де ұсыныстар болуы мүмкін.

"Егер жігіттерге қаржы жинап бере алсақ, бұл біздің елдің өзге де музыканттарына жол ашатын алғашқы маңызды қадам болмақ. Демек, біз бүкіләлемдік музыка қауымдастығының мүшесіне айналамыз. Біздің өнерпаздар өнімдерін шетелге экспорттай алады ", - деді Кастеев.

Топ мүшелері Алматыдан Сеулге 5 адамға ұшақ билеттерін алу үшін 1,8 миллион теңге жинауды көздеп отыр. Жас таланттарды қолдап, ұлттық мәдениеттің әлемдік аренаға жол тартуына көмек қолын созамын деушілерге арналған реквизиттер мынадай: 5169 4971 3310 2164 Kaspi Gold. Нұржан Тойшының байланыс нөмірі: + 7 777 214 86 25.

А. Оралқызы