"Локинг" биінің негізін қалаған кім?

Massaget.kz сайтында Contemporary Dance техникасы туралы ақпарат жарыққа шыққан болатын. Бүгін бидің ең ерекше түрімен таныстыратын боламыз. 

Контемпорари би түрі импровизацияны керек етсе, локингте қалыптасқан арнайы техника бар. Әуені де ырғақты және көңілді болатындықтан, ширақ қимылды қажет етеді. 

Локинг – атақты би түрі, көрерменге күлкі, бишіге қуаныш сыйлайтын субмәдениет. Бұл түрінде қимылдағы ойнақылық, ашық-жарқын мимикамен ерекшеленеді. Кейде бұл би түрін "кэмпбеллокинг" деп атайды. Атауды бидің негізін қалаған Дон Кэмпбелл атына берген.

Локинг атасы:

Дон елуінші жылдары Америкада дүниеге келген. Балалық шағы мен өмірінің басым бөлігі Лос-Анджелесте өткен. Бала кезінен шығармашылық қызығып, жаңа нәрсені көруден қорықпайтын оны айналасындағылар "біртүрлі" санайтын. Ол сурет салумен айналысқан, есейген шақта портрет салу арқылы өмір сүруге ақша тапқан. Кейін билеп жүрген балаларды көзі шалған оның жаңа арманы пайда болады: бимен айналысып, жаңа стиль ойлап табу. 

Кэмпбелл бұл ойын достарына жеткізген, ал олар оған қолдау көрсетіп, күн сайын әр стильден бір қимылды үйретіп отырған. Біраз тәжірибе жинақтаған соң, ол бәріне осы уақыт бойына нені үйренгенін көрсеткісі келеді. Ол ойын би кештерінің бірінде ортаға шығып іске асырады. Бұрын жұрт алдында билемеген ол есінде қалған әр қимылды орындай бастаған. 

Егер қимыл ретін ұмытып қалса, сәл кідіріп басқа стильді жалғастырған. Кейін оны колледждің атақты бишілерінің бірі ұмытып қала бергендігін бетіне басып "Кэмпбелл – лок" немесе "құлып" деп атаған. Бастысы, Дон бұл сөзге мүлдем ренжімеген. Керісінше ол күш алып, осы стильді қолға алуға бекінеді. Сол уақытта ол өзінің кемшілігін жетістікке айналдыруға бел буады. Осыдан кейін қисынсыз әрі біртүрлі қимылдар локинг биінің негізгі техникасына айналады. 

Аталған стильдің қарқынды даму кезеңі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына сәйкес келеді. Донның стилін адамдар таныған сайын, келеке мен мазақ көбейеді. Бірақ, Донға ешнәрсе кедергі болмады. Жаңа идеялар туындады, жарқын жұлдызды телебағдарламаларға қонаққа шақыра бастады. Нәтижесінде локинг әлемдік би бағытана енді. 


Локингтің дамуымен бірге, Донның атағы асқақтай түсті. Оның шәкірттері артып, артынан ерушілер көбейді. Негізгі қимылдарға қосымша өзіндік реңк сыйлайтын қозғалыстар қате саналмайды, керісінше бишінің ерекшелігін көрсетеді. Локингтің негізгі мақсаты әркімнің өзіне тән билеу мәнері барын көрсету.  

Қызықты 5 дерек

• Алғашқы локинг биімен айналысатын топ 1973 жылы құрылды. Олар өздерін "The Lockers" деп атады.

• Әйелдер арасында алғашқы әрі танымал локинг бишісі – Тони Базил.

• Негізі қимылдар арасында ең танымалы: құлып – "lock", нүкте – "points", шапалақ – "claps", шатқа отыру – "splits".

• Локингті фанк музыкаға билейді. Ал, фанк музыканың негізін қалаған – Джеймс Браун.

• Биді меңгеру қиын емес. Негізгі қимылдар мен түрлі стильдердің қосындысын музыкаға сәйкес орындаса жеткілікті.