Жартыжылдықтың үздік альбомдары

Жартыжылдықтың үздік альбомдары

Жыл соңына дейін әлі бірнеше ай бар болса да, алғашқы жарты жылда әртүрлі әнжинақтар жарыққа шығып, жұлдыздар түрлі хит әндер сыйлап үлгерді. Олардың арасында поп, рок, хип-хоп та бар. 

"Thank U, Next"
Ariana Grande

Жарты жыл ішінде екі альбом шығарады деп Ариананың тыңдармандары күтпесе керек. Бірақ, әншінің жаңалығы тыңдармандарын бақытқа бөлемесе, жалықтыра қоймады. Өйткені,  "Thank U, Next" және "7 Rings" хит әндерге айналса, қалған әндері Ариананың нашар ән жазбайтынын дәлелдегендей. Әншінің әнжинағы оның поп әлемінің ханшайымы екенін тағы көрсетті. 

"When We All Fall Asleep, Where Do We Go?"
Billie Eilish

Бұл жылдың басты жаңалығы болған Билли Айлиш миллиондаған адамның жүрегін әп-сәтте жаулап алды. Олардың қатарында Элтон Джон, Том Йорк пен Дэйв Грол бар. Жасы небәрі 17-де болса, Айлиш өзіне тән стильді тауып, жасөспірімдерге ғана түсінікті мәселелерді қозғауға тырысты. 

"Everything Not Saved Will Be Lost, Pt.1"
Foals

Әнжинақ жарыққа шығатын уақыт жақын қалғанда, топтың негізін қалағандардың бірі Уолтер Джерверс топтан кетуге шешім қабылдайды. Ал продюсер рөлін топ мүшелері өздері атқаруға бел буады. Нәтижесі жаман емес. Электронды музыка бағытын дамытып жүрген әншілердің жаңа әнжинағы аздаған уақыт ішінде ең жиі тыңдалған альбомның қатарына кіріп үлгереді. 

"Titanic Rising"
Weyes Blood

Уайз Бладтың жаңа альбомы – автордың еңбегінің жемісі. Өйткені, Блад барлық әнді өзі жазған. Фортепиано мен гитараны өз орындап, продюсер де өзі болған.  

"Map of soul: persona"
BTS

Кәрістік поп топтың алтыншы шағын әнжинағы әлемнің 80 мемлекетінде ең көп жүктелген әрі сатылған альбомдардың көшін бастап тұрды. Сонымен қатар, олардың "Boy with Luv" (Холзимен дуэті) атты әндері Америкалық тыңдармандар арасындағы беделдерін арттыра түсті. Олар биылдыққа шетелдік телевизия мен радиоға қонақ ретінде жиі шақырылған ең атақты топтардың қатарына кірді. 

"Lux Prima"
Karen O & Danger Mouse

Карен О – Yeah Yeah Yeahs тобының вокалисі. Danger Mouse – әлемдегі ең белді продюсерлердің бірі. Осы уақытқа дейін ол U2, Адель және Дэймоном Албарнмен жұмыс істеген болатын. Дегенмен, олардың жаңа альбомы ерекше жай сыйлайтын, нәзік әрі сезімтал болып шықты. Олардың көздегені де сол болса керек. 

Ал сіз қай әншінің альбомын жүктеп алдыңыз?


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар