Камералық залдағы мамыр кештері

Камералық залдағы мамыр кештері
Фото: Астана Опера

Мамыр айында «Астана Опера» Камералық залында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына тамаша жарқын концерттік бағдарламалар ұсынылатын болады. Опера труппасының танымал жетекші солистері, атақты шақырылған әртістер, дарынды аспапшы музыканттар, театрдың камералық оркестрі мен т.б. өнерпаздар афишаның сәнін келтіре түспек.

3 мамыр сағат 19:00-де «Севильядан Неапольге дейін» концертінде М. де Фалья, Дж.Россини, Дж.Верди, Ж.Бизе, Ж.Массне, К.Сен-Санс сынды испан, француз және итальяндық сазгерлердің жалынды музыкасы, сондай-ақ неополитандық әндер шырқалады. Камералық зал сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Капонова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Салтанат Мұратбекова, Ерұлан Кәмел өнер көрсетеді. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың дипломанты Жанар Ахметова.

5 мамыр күні сағат 18:00-де «Tango Project» концерті өтеді. Музыка, би, вокал керемет үйлесім тапқан бірегей музыкалық жобасын «Art Contrast» аспаптық ансамблі ұсынады, оның құрамында: Әйгерім Матаева (фортепиано, Франция), Мария Орининская (скрипка, Австрия), Татьяна Вицинская (меццо-сопрано), Жібек Сапарғалиева (флейта), Жәнібек Сапаров (гитара), Сапар Күмісқалиев (баян), Әділ Сатыбалдинов (контрабас) бар. Бишілер Әнел Марабаева мен Евгений Моисеевтің жұбы кештің көркін қыздыра түспек. Аргентиналық «танго королі» – ұлы Астор Пьяццолланың жалынды туындылары, соның ішінде Ave Maria, Fugata, №3 Этюд, «Танго тарихы. Café 1930», El penu’ltimo, Oblivion, «Мархабат», «Сыған тангосы», «Сол бір қайғы», Escualo, Adios Nonino, La muerte del Angel, «Yo soy Maria…», сонымен қатар Хуан-Карлос Кобианның «Los Mareados», К.Гардель-Д.Уильямстың «Әйел иісі» кинофильмінен танго орындалатын болады. 

Ұлы мереке – Жеңіс күні «Жеңістің өшпес шырағы» атты мерекелік концертімен атап өтілетін болады. 9 мамырда сағат 15:00-де «Астана Опера» театрының Камералық залында опера солистері, хор және оркестр әртістерінің орындауында соғыс жылдарындағы танымал әндер мен сүйікті әуендер, сонымен қатар қазақ, орыс және батыс еуропалық классиканың озық туындылары шырқалады.

Мамырдың 19-ы сағат 18.00-де көрермен назарына заманауи камералық музыка ұсынылатын болады. «Жүрекке жол тапқан музыка» концертіне халықаралық байқаулардың лауреаттары Ұлпан Әбдікәрімова (сопрано), Роза Солтыханова (флейта), Манарбек Абаев (кларнет), Динара Қалабаева (фортепиано) қатысады. Музыканттар америкалық және еуропалық композиторлардың туындыларын жаңаша үлгіде ұсынады, атап айтқанда, Э.Эвайзеннің Флейта мен фортепианоға арналған №1 сонатасы, А.Дютийенің Флейта мен фортепианоға арналған сонатинасы, Ф.Пуленктің Кларнет пен фортепианоға арналған сонатасы, К.Дебюссидің «Жұлдызды түн», «Керемет кеш», Л.Шпордың «Неміс әндері» op.37, Дж.Манукянның Флейта, кларнет пен фортепианоға арналған триосы сынды шығармалары шырқалады.

23 мамыр күні сағат 19.00-де тыңдармандар Венадағы музыкалық серуенге шақырылады. «Ұлы есімдер: Й.Гайдн, В.А.Моцарт» концертіне Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Талғат Ғалеев, П.И.Чайковский атындағы Х Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты Ақбике Алғи (скрипка), Росс Кларк (труба, Уэльс, Ұлыбритания), «Астана Опера» театрының балалар студиясы (жетекшісі – Алтынғаным Ахметова), сонымен бірге дирижер Рақымжан Баспаевтың жетекшілігімен «Астана Опера» театрының Камералық оркестрі қатысады. Мазмұнды бағдарламаға Й.Гайднның Оркестрмен фортепианоға арналған концерті ре мажор (1-бөлім), №104 симфония ре мажор (1-бөлім), В.А.Моцарттың «Серальдан алып қашу» операсынан увертюра және Констанцаның ариясы, «Дон Жуан» операсынан Церлина мен Дон Жуанның дуэті, Оркестрмен скрипкаға арналған № 4 концерт ре мажор (1-бөлім), Оркестрмен фортепианоға арналған № 23 концерт ля мажор (2-бөлім), №40 симфония (1- бөлім) енген.

25 мамырда сағат 18:00-де виолончельге арналған музыка кеші өтеді. «Виолончель үн қатқан мамыр кеші» концертіне қазақстандық виолончельші Сәния Дүркеева мен оның ұстазы – атақты швейцариялық виолончельші, Цюрих өнер университетінің профессоры Орфео Мандоцци, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері маэстро Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігіндегі «Астана Опера» театрының Камералық оркестрі қатысады. «Қазақстанның 100 жаңа есімі – 2017» жобасының жеңімпазы Сәния Дүркеева жеке орындаушы-музыкант ретінде де, түрлі камералық ансамбльдердің құрамында да Австрия, Франция, Швейцария, АҚШ, Ресей мен Қазақстан залдарында табысты өнер көрсетуде. Орфео Мандоцци Николай Цнайдер, Юлиан Рахлин және Юрий Башмет сынды танымал музыканттармен, әйгілі дирижерлер Фабио Луизи, Кристьян Ярви және Михаил Юровскиймен шығармашылық ынтымақтастықта, сондай-ақ Цюрих Жоғарғы өнер мектебі мен Имола қаласындағы Халықаралық пианино академиясында (Италия) сабақ береді. Солист ретінде, сонымен қатар әртүрлі камералық ансамбльдердің құрамында Карнеги-холл (Нью-Йорк), Вигмор-холл (Лондон), Музикферайн (Вена), Веналық Концертхауз, Кельн филармониясының концерт залы, Казальс-холл (Токио), Аудиторио Насиональ (Мадрид), «Колон»  театры (Буэнос-Айрес), Алис Талли-холл (Линкольн-центр, Нью-Йорк) және Тон-халле (Цюрих) сынды беделді залдарда өнер көрсеткен. Оның өнер көрсетуіне әрдайым жоғары баға берген сыншылар мен әккі көрермен О.Мандоццидің орындаушылық өнерін «...көңіліңді арбап әкететіні соншалық, жаныңды еліктіреді» деп атап өтуде.

28 мамыр күні сағат 19.00-де Melodía de la pasión («Құштарлық әуені») концертінде орыс, еуропалық және латынамерикалық композиторлардың әсерлі де бейнелі әуендері шырқалмақ. Өнерсүйер қауым назарына Э.Гранадос – Г.Кассадоның «Гойески» операсынан Интермеццо, К.Сен-Санстың Виолончель мен фортепианоға арналған сюитасы, Р.Щедрин – М. Плетневтің «Анна Каренина» балетінен Пролог және Ат жарыс,  Э.Вилла-Лобостың Гитараға арналған №11 этюд ми минор, «Бразилиялық бахиана» №5. Ария, Ж. Ма Руэрдің «Meditacio», М.Андре-Блохтың «Деннериана», Г.Кассадоның «Естеліктер» сынды танымал камералық шығармалары жаңа қырынан ұсынылмақ. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Ботагөз Қалиева (виолончель), Алмас Тоқпанов (кларнет), Жәнібек Сапаров (гитара), Эльмира Сұлтанғазинаның (фортепиано) өнер көрсетулері тыңдарман көңіліне қуаныш ұялатпақ.

А. Оралқызы