Қытай опера ертегісіндегі дебюттер

Қытай опера ертегісіндегі дебюттер
Фото: vk.com

Наурыздың 16 және 17 күндері «Астана Опера» Үлкен залы сахнасында Дж.Пуччинидің «Турандот» операсы сахналанып, бірқатар дебют орын алмақ. Қытай ханшайымының басты партиясын театрдың жетекші солисі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина орындайды. Ержүрек әрі батыр ханзада Калафтың бейнесінде алғаш рет елорда сахнасына осы күндері Грузиядан келген танымал тенор Георгий Ониани шығады.

Еске салар болсақ, Георгий Ониани бұрын «Астана Опера» сахнасында өнер көрсеткен: сұранысқа ие әнші Дж.Пуччинидің тағы бір жауһар туындысы – «Тоска» операсында Марио Каварадосси рөлін орындаған. Бұл жолы ол әлемдік опера репертуарындағы тенорға арналған ең әйгілі партиялардың бірі – Калафтың бейнесін сомдайды, бұл партия орындаушылардың керемет вокалдық техникасын паш етіп қана қоймай, сондай-ақ кейіпкер мінезін ашудағы үздік әртістік шеберлікті танытуға мүмкіндік береді. Үшінші актідегі белгілі ария әйгілі концерттік нөмірлердің біріне айналып, халықаралық опера театрларының сахнасынан тұрақты түрде шырқалуда.

Осы күндері күң Луи партиясында театрдың солистері дебют жасайды: осы рөлді 16 наурызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ орындаса, 17 наурыз күні елорда тұрғындары мен қала қонақтарының алдына Мәдина Исламова шығады. Әртістер қорғансыз нәзік әрі Калафқа деген жауапсыз махаббаты үшін өмірімен қош айтысуға батыл қадам жасаған қыздың қайғылы бейнесін аша түсуі керек. Оның қайсарлығы мен батырлығының арқасында тәкаппар әрі салқын қанды Турандот махаббаттың не екенін біледі. Вокалистер алдында күрделі тапсырма қойылған – қиын үш арияны мінсіз орындаумен қатар актерлік ойын арқылы жан толғанысының молдығын көрсету қажет.

Қытай императоры Альтоумның рөлінде 16 наурыз күні «Астана Опера» солисі Рамзат Балакишиев дебют жасаса, 17 наурызда тағынан айырылған татар ханы Тимурдың партиясында алғаш рет театрдың жетекші солисі Талғат Ғалеев өнер көрсетеді.

Тимурдың бейнесін 16 наурызда Болат Есімханов сомдайды, 17 наурызда Альтоум партиясында сахнаға Ақылбек Табынбаев шығады. 16 және 17 наурыз күндері Пинг рөлін Ержан Саипов, Панг – Ерұлан Кәмел, Понг – Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Мандарин – Шыңғыс Расылхан орындайды.

Спектакль театрдың шақырылған дирижері – Дж.Пуччини шығармашылығының үздік мамандарының бірі Джузеппе Акуавиваның (Италия) жетекшілігімен өтеді.

«Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры, қойылымның музыкалық жетекшісі – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты айтулы маэстро Алан Бөрібаев, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қоюшы режиссер – Давиде Ливермор (Италия), қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов. Жарық бойынша суретші – Винченцо Рапони (Италия), проекциялар бойынша суретші – Карло Каморали («D-wok» компаниясы). Қоюшы режиссердің ассистенттері – Наталья Кагадий, Еренбақ Тойкенов. Балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

Т. Раушанұлы