Playlist: Қаңтарда не тыңдайсыз?

Playlist: Қаңтарда не тыңдайсыз?
Фото: freepik.com

Мерекелік көңіл күйді ығыстырып, енді жұмысқа кірісетін уақыт келді. 2019 жылы музыка әлемінде түрлі жаңалықтар болатыны анық. Алғашқы айдың өзінде жиі альбом шығара бермейтін топтар, тіпті, халық арасында аса танымалдылыққа ие емес музыкалық бағытта бағы жанған әншілердің де жаңалықтары бар. Шетелдік әншілерден осы ай не күтуге болады?

Alice Merton – «Mint»
18 қаңтар

Британ – неміс– канадалық әнші  Элис Мертон «No Roots» әнімен танымал болған еді. Кейін жарыққа шыққан «Why So Serious» және «Lash Out» әншінің тек бір хитпен шектеліп қалмайтынын, талантты әрі болашағынан үміт күттіретін әртіс екенін дәлелдеді.  The New York Times басылымының рецензиясына сүйенсек, «Mint» альбомындағы әндердің арасында 1980 жылдарға тән поп, диско және аздаған рок бағытындағы шығармашалық жұмысты кездестіруге болады.

Deerhunter – «Why Hasn't Everything Already Disappeared?»
18 қаңтар

Америкалық инди-рок тобы «бүгін туралы ғылыми-фантастикалық» және «уақытқа бағынбайтын» ән жинақ жаздық дейді. Алғашқы әні «Death In Midsummer» атты әні Дэвид Боуиді еске салады. Әзірге ән жинақтың жарнамасы жаман емес. Әндері де соған лайықты болады деп күтеміз. 

Papa Roach – «Who Do You Trust?»
18 қаңтар

Бастапқыда топ Of Mice And Men тобымен бірге турға шығуды жоспарлаған болатын. Дегенмен, вокалист Остин Чарлидің денсаулық жағдайына байланысты бұл идеямен қош айтысқан. Есесіне, жаңа альбом шығарып, оның хитке айналатына сенімді екендерін білдірді.

Toro Y Moi – «Outer Peace»
18 қаңтар

Америкалық музыкант әрі продюсердің алтыншы альбомы жарыққа шықпақ. Жаңа альбомдағы алғашқы әуені еріксіз билететін ырғаққа ие –  «Freelance» әні. «Outer Peace» альбомы туралы автордың өзі: «Ән жазу барысында ұққаным – мәдениеттің соншалықты қолжетімді бағытқа айналғаны. Креативті ойлауға ешнәрсе кедергі емес. Әнді тыңдау да, оған мән бермеу де өз еркіңіз. Өйткені, қай таңдау болмасын, мен үшін бірқалыпты құбылыс. Бұл музыка менің шығармашылық тәжірибем», – дейді.  

Mike Posner – «A Real Good Kid»
18 қаңтар

«I Took A Pill In Ibiza» әнінің орындаушысы (одан бөлек, Maroon 5 және Джастина Бибер орындауындағы хит әндердің авторы) өзінің үшінші альбомын тыңдарманға ұсынбақ. «A Real Good Kid» атты әні әкесінің қазасынан соң жазылған болатын. Бірақ, альбомның алғашқы әні «Stuck In The Middle» тыңдап, оның жаңа жұмысы мұңнан гөрі, ырғаққа толы болатын секілді. Ал, жаңа пластинканың тақырыбы – махаббат, жоғалту мен қабылдау мүмкіндігі.

Sharon Van Etten – «Remind Me Tomorrow»
18 қаңтар

Әншінің айтуынша, альбом махаббат, қорқыныш, үздік болуға ұмтылыс пен күмән туралы болмақ. Әндерді жазу барысында Шэрон Ван Эттен ана атанды, өзін актриса ретінде де сынады. «Comeback Kid» әні Патти Смит пен Siouxsie and the Banshees орындау мәнерін еске түсіреді. 

Bring Me The Horizon – «amo»
25 қаңтар

Топтың алтыншы жұмысы құлаққа жағымды және кез келген адам тыңдай алатындай жеңіл болмақ. Bring Me The Horizon  рок  тобы, дегенмен оларды жиі попқа жақын деп жазғырып жатады. Олар жарыққа шығарғалы жатқан «amo» махаббат атты күшті сезімнің екі жағын бірдей сипаттайтын болады. Жазба жұмыстарына Cradle Of Filth тобының вокалисті Дэни Филт, канадалық электрондық музыка шебері Grimes пен америкалық рэпер Rahzel атсалысқан.

Backstreet Boys – «DNA»
25 қаңтар

Топтағы  Кевин Ричардсонның айтуынша: «бұл әндер бізді тұлға ретінде және топ ретінде сипаттамақ. Бұл біздің ДНҚ-мыз, біз соныман мақтанамыз». «DNA» альбомына OneRepublic тобының вокалисті Райан Теддер, Шон Мендес, Lauv және Энди Грэммер өз үлестерін қосты.

Meghan Trainor – «Treat Myself»
25 қаңтар

Оның «All About That Bass»  әні 2010 жылдың үздік хиты болған еді. Алғашқы альбомдарын 1950 жылдардың стилінде айтқан әнші жаңа әндеріне диско бағытын іске қосты. «Treat Myself»  атты альбоммен жұмыс барысында Адель, Сиа, XXXTentacion секілді әншілермен бірлесе жұмыс жасаған канадалық музыкант Тобиас Джессо өз қолдауын көрсетті.  

Т. Есқали