Salut: Джо Дассенді ұмыттырмайтын 5 ән

Salut: Джо Дассенді ұмыттырмайтын 5 ән
Фото: Teleprogramma.pro

Бүгін, 5 қараша, француз әншісі және композиторы, атағы бар әлемге мәшһүр Джо Дассеннің дүниеге келгеніне 80 жыл толып отыр.

Ол 1938 жылы Нью-Йоркте туылып, балалық шағы АҚШ-та өткен. Алайда, маккартизмнің жүруімен болашақ музыканттың әкесі режиссёр Жюль Дассен "қара тізімге" еніп,  1949 жылы отбасымен Парижге көшіп кетеді.  

1955 жылы Джо Дассен АҚШ-қа оралып, Мичиган медициналық университетіне оқуға түседі. Әншінің музыкалық мансабы студенттік кезінде басталады. Ол 1963 жылы Парижге қайтады. Джо Дассеннің орындауындағы әндер француз чарттарында ойнала бастайды. Алайда, оның атағы 1969 жылы "Les Champs-Elysees" әнімен шығады.

1975 жылы әншінің продюсері Жак Пленің қолына атағы шыға қоймаған италиядық Albatros тобының әні кездейсоқ тап болады. Ол ән атауы Africa болатын және ағылшын тілінде орындалған екен. Пле оның хит екенін сезіп, бірден француз тіліне аудартады. Осылай, атақты "L’Ete Indien" әні пайда болады. Ол кең таралып, әлемнің 25 елінің хит-парадына енген еді.

"Et si tu n'existais pas" ("Егер сен болмасаң") атты хитін Тото Кутуньо Джо Дассенге арнап жазады. Бастапқыда бұл әнде "Егер сезім болмаса" деген сөздер болуы керек болған. Алайда, сөз жазатын ақындар бұл талапты орындауға қиналды. Егер әлемде сезім болмаса, онда жазатын да ештеңе жоқ екендігін түсінді. Сөйтіп, "Егер сен болмасаң" деп бір сөзді өзгерткенде, ән нағыз хит туындыға айнала келді. Бұл лирикалық ән көпшіліктің жүрегінен орын алып, әлі күнге дейін танымал. Оны түрлі әншілер өз стилінде айтып, оған кавер нұсқалар да жасалып жүр. 

"A Toi" ("Сен үшін") әнін Джо Дассен мен Жан Бодло, ал сөзін Лемель мен Деланоэ жазды. Лемель бір сұхбатында: "Бұл әнді Джо алғаш рет өзіне үлкен бақыт сыйлаған екінші әйелі Кристиннің көзіне қарап тұрып айтты",- деген екен.

Джо Дассеннің әндерінің көпшілігі мұңды болып келеді. Неліктен мұндай мұңды әндер айтатындығын сұрағанда кейде әзілдеп ("Мен өзімнің емес, Клод Лемельдің махаббат қайғысын айтамын"), кейде шынайы ("Ән өз ырғағы мен сарыны арқылы бізді балалық шағымызға апара алуы қажет") жауап беретін. Дассеннің "Salut" ("Сәлем") әні де осындай сарынмен айтылады.

Әншінің жүрегі жас кезінен ауыратын, 30 жасында алғашқы инфаркт алды. Джо Дассен 1980 жылы 21 ақпанда  42 жасқа қараған шағында жүрек ұстамасынан қайтыс болды.

А. Жапатова