Димаш Құдайберген Сочи жұртын тәнті етті

Димаш Құдайберген Сочи жұртын тәнті етті
Фото: kaz.tengrinews.kz

Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген Сочидегі "Новая волна" атты байқауда бірінші рет өнер көрсетті. Әнші 5 қыркүйекте өткен Олимпиада саябағындағы New Wave Hall сахнасында A-Studio концертіне қатысып, кезінде Батырхан Шүкенов орындаған "Грешная страсть" атты әнді айтты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 

Өнер көрсеткен видеосын Димаш Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған. "Ресейге қонақ болып бардым, "Новая волна" байқауының қонағы болып қайттым. Барлық көрермен мен жанкүйеріме алғыс айтамын. Әуежайда өте қонақжай қарсы алып алды. Осындай құрмет көрсетіп жатқандарыңыз үшін рақмет. Батырхан аға әрдайым біздің жүрегімізде", - деп жазды әнші. 

Димаш әнін айтып біткеннен кейін жанкүйерлері сахнаға қолындағы бір шоқ гүлімен ұмтылды. Залдағы көрермендер орнынан тұрып ду қол шапалақ соқты. Сондай-ақ оларға қазылар алқасының мүшесі Игорь Крутой мен әнші Ани Лорак та тұрып қошемет көрсетті. 

"Бұл көріністі Басков көргенде ғой. Коляның жүрек талмасы ұстайтын еді", - деп күлді байқаудың жүргізушісі Тимур Родригез. Концерт аяқталғаннан кейін Димаш Құдайберген A-Studio тобының музыканттарына алғысын айтып, өскелең ұрпаққа дұрыс музыкалық бағыт беріп келе жатқаннын айтты. 

Еске сала кетейік, Димаш Сочиге келмей тұрып, оның суреті қаладағы билбордтарға ілінген еді. Ал әуежайда ол үшін арнайы би шоуы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Халықаралық "Новая волна" атты байқауы Сочиде 4 және 9 қыркүйек аралығында өтеді.  

Н. Үсенова