"Астана Операдағы" музыкалық демалыс

"Астана Операдағы" музыкалық демалыс
Фото: vk.com

Жас орындаушылар – шетелдің беделді музыка университеттерінің шәкірттері өз Отанында өнер көрсетпек. 10 тамыз күні "Астана Операның" Камералық зал сахнасында "Музыкалық демалыс" концерті өтеді.

Астаналық өнер сүйер қауымға әлемнің үздік музыкалық оқу орындарында білім алып жүрген дарынды қазақстандық студенттер, халықаралық байқаулардың лауреаттары өз өнерін ұсынбақ.

Концертке П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының шәкірттері Досхан Жексембай (бас-тромбон), Карина Измаилова (фортепиано), Ажар Қадырова (виолончель), сонымен қатар П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы Орталық музыка мектебінде оқып жатқан Әлия Асанова (фортепиано), Эльнура Русланбекқызы (скрипка) қатысады.

Сондай-ақ атақты австриялық оқу орындарының студенттері – пианист Темірлан Бейсенбай ("Моцартеум" университеті, Зальцбург қ.) мен скрипкашы Карина Дәулет (А. Брукнер атындағы музыка, би және актерлік шеберлік университеті, Линц қ.) өз өнерлерін ортаға салмақ.

Бұл кеште тыңдарман назарына бүгінгі таңда жиі орындалып жүрген француз композиторы Эрнест Шоссонның шығармасы – Оркестрмен скрипкаға арналған поэмасы ор. 25 ұсынылмақ. Скрипкалық репертуардан өзіндік орын алған поэма әсерлі гармониясы әрі керемет оркестрге лайықталуымен ерекшеленеді.

Бұдан бөлек, Фридерик Шопеннің ең ірі шығармашылық жетістігі, өз елі мен халқының тағдырын баяндаған алғашқы көлемді шығармасы – №1 балладасы, соль минор, op. 23 шырқалады.

Тыңдарман қауымға Иоганнес Брамстың №1 рапсодиясы, си минор, ор. 79 ұсынылады. Бұл туынды И. Брамстың концерттік пианизмінің тамаша үлгісі болып табылады. Бағдарламаға мұнымен бірге әлемдік музыка классикасының өзге де жауһарлары енді.

А. Оралқызы