Ақтөбеде Құрманғазы оркестрінің гастролі өтуде

Ақтөбеде Құрманғазы оркестрінің  гастролі өтуде
Фото: vk.com

«Жұбановтар әлемі» мәдени орталығы (Ақтөбе) Құрманғазы атындағы оркестрді құшақ жая қарсы алды. Гастрольдік бағдарлама 3 шілде күні тамаша концертпен ашылды. Осы кеште сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Женисбек Пиязов және «Астана Опера» театрының керемет солисі Малика Минизини өнер көрсетті. Дирижерлік пульт басында – Адлет Азбаев.

Концерттің жарқын әрі қанық бағдарламасының көркін заманауи композицияларқыздыра түсті. Ақтөбе жұртшылығы Құрманғазы оркестрінің өнеріне ерекше қызығушылық танытты: залда ине шаншар жер болмады.

Ақтөбеге сапарымыз «Жұбановтар әлемі» мәдени орталығының арнайы шақыртуының арқасында жүзеге асты. Жұбановтар отбасы қазақ мәдениетінде айрықша орын алады. Қос ұжым арасында шығармашылық меморандумға қол қойылды. Болашақта көптеген жобаларды іске асырмақ ойымыз бар, - деп атап өтті оркестр директоры Н.Дауешов.

Бүгін, 4 шілде күні, сағат 18.00-де «Вокал кеші» концерті өтпек, бұл іс-шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Женисбек Пиязов, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Астана Опера» театрының солисі Малика Минизини қатысады.

Гастрольдік бағдарлама 5 шілде күні күйші, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Батыржан Мықтыбаевтың концертімен өз мәресіне жетеді. Осынау жобаның аясында алғаш рет фотожурналист Рафхат Халеловтың «Күй мен күйші» тақырыбындағы көрмесі өтетінін атап өткен жөн.

Еске салар болсақ, гастроль ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы композитор, күй атасы Құрманғазының 200 жылдығы, сонымен қатар Елорданың 20 жылдығы аясында өтпек.

А. Оралқызы