Алматы метросындағы флэшмоб

Алматы метросындағы флэшмоб
Фото: vk.com

Алғаш рет Алматы метрополитенінің «Мұхтар Әуезов театры» бекетінде домбыра үні шарықтады. 26 маусымда, Ұлттық домбыра күні қарсаңында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі «Метро дауысы – күй әуенімен» флэшмобын өткізді. 

Шаттанған қауым болып жатқан кереметке үлкен қызығушылық тудырып, ыстық ықыластарын білдірді, күтпеген жерден орын алған флэшмобқа шын ниетті қуанышын жасыра алмады. Іс-шараның мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ағымдағы жылдың 1 шілдесінде алғаш рет өткізгелі отырған «Ұлттық домбыра күні» мерекесін насихаттау. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі де қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны дәріптеп, мәдени, ұлттық бірлікті нығайтуды мақсат етуде.

«Құрманғазы атындағы оркестрдің барша ұжымы атынан Елбасымызға алғыс айтамыз. Күй мерекесі – барша домбырашылар мен өнерпаздар үшін үлкен серпіліс болмақ.  «Ұлттық домбыра күнінде» Құрманғазы атындағы оркестр өзінің ауқымды шараларын қолға алып отыр. Солардың ішіндегі ең бастысы –  Қазақ елі алаңында өтетін «Домбыра – асыл мұра» атты үлкен концерттік іс-шара. Алматы метрополитенінде Құрманғазы оркестрінің домбырашылары Құрманғазының «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Ақсақ киік», Дәулеткерейдің «Көроғлы», «Қос алқа», «Жігер» «Топан»  күйлерін орындады.  Ал 1 шілде күні Қазақ елі алаңында өтетін күй шеруде аталған шығармаларды 3 000 өнерпаздың орындауында тыңдай аласыздар», - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы оркестр директоры Нұрғиса Дауешов.

А. Оралқызы