Астанада қиял-ғажайыпқа толы «Турандот» операсының тұсауы кесіледі

Астанада қиял-ғажайыпқа толы «Турандот» операсының тұсауы кесіледі
Фото: vk.com

Тұңғыш рет «Астана Опера» мен Қытай ұлттық опера театрлары бірлескен ауқымды жобаны жүзеге асыруға дайындық үстінде – 22 және 23 маусым күндері елордалық театрдың сахнасында Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсының премьерасы тыңдарманға жол тартпақ. 

Қойылым тобы аты шулы есімдерден құралған: қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтулы маэстро Алан Бөрібаев, қоюшы режиссер – атақты итальян режиссері Давиде Ливермор, қоюшы суретшілер – танымал қазақстандық сценографтар Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов. 

«Турандот» операсының алғашқы қойылымы 1926 жылдың 25 сәуірі Миланда өтті. К.Гоццидың аттас пьесасы негізінде либретто жазған авторлар – Джузеппе Адами мен Ренато Симони. Олар алыс елге таңсық болған: іс-әрекет Бейжіңде (Қытай) орын алады. Айла-шарғысы мол Турандот ханшайым ханзадаларға үш жұмбақ жасырады, егер олар жауап бере алмаса, басынан айырылады, ал шешімін тапқан жанға өмірлік жар болады. Қайткен күнде де Турандоттың жүрегін жаулауға бел буған Калаф ханзада барлық сауалдың түйінін шешіп, өз жұмбағын жасырады – қыз оның есімін атауы керек. 

К.Гоццидың ертегісінде Дж.Пуччини зорлық-зомбылыққа қарсы наразылық пен қараңғылықты жеңген жарықтың мәңгілік идеясын байқайды. 

- Меніңше, бұл «Астана Опера» үшін өте маңызды қойылым. Айта кететін жайт, әртістердің орасан көп саны қатысатын гранд операмен репертуарын толықтыруға барлық театрдың мүмкіндігі туындай бермейді. «Турандот» 300 жыл бойы дамып, жалғасып келе жатқан итальян операларының ұлы дәстүрін түйіндейді. Осынау операны жазуға қадам басу үшін композитор көп жылдар бойы ізденісте болды, бұл туындыны Дж.Пуччинидің талап-ізденісінің жиынтығы, қорытындысы деуге болады. Барша интернационалдық қауымдастықта осы сынды опера бұдан былай жасалған жоқ. Онда хор ерекше рөл атқарады, ол үнемі сахна төрінде, - деді қоюшы дирижер Алан Бөрібаев.

Қоюшы режиссермен маэстро А.Бөрібаев бұрыннан таныс, алайда бұл олардың бірлескен алғашқы жобасы болмақ. Давиде Ливермор жайлы «Астана Операның» бас дирижері өте жылы лебіз білдіруде. Еске салар болсақ, режиссер Давиде Ливермор Еуропаның жетекші сахналары мен Италияның театрларында өткен 22 жылдық шығармашылық мансабы жолында әр алуан театралдық мамандықтарды меңгерді: қоюшы режиссер, сценограф, костюмдер бойынша суретші және жарық бойынша суретші... болды. Атақты орындаушылармен, атап айтқанда Лучано Паваротти, Пласидо Доминго, Хосе Каррерас, Мирелла Френимен, әйгілі режиссерлер – Лука Ронкони, Андрей Тарковский және Чжан Имоумен, сондай-ақ әлемдік жұлдыз – маэстро Зубин Метамен бірге жұмыс жасаған. Итальяндық режиссердің соңғы жұмыстарының бірі – Гендельдің «Тамерлан» операсы аты аңызға айналған Ла Скала театрында орасан зор жетістікпен өтті.

А. Оралқызы