The Spirit of Astana 2018. Елорданың 20 жылдығына арналған сый

The Spirit of Astana 2018. Елорданың 20 жылдығына арналған сый
Фото: The Spirit of Tengri

6-7-8 шілде күндері Астанада «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда өтетін шара сағат 17:00-де басталады. Кіру тегін.

Қазақстан жерінде бастау алып, ұлттық ауқымдағы мәдени бренд мәртебесіне ие болған The Spirit of Tengri халықаралық жобасы Астана қаласының 20 жылдығы аясында 3 күнге созылатын The Spirit of Astana 2018 музыкалық шоуын өткізбек.

Шілденің 6, 7 және 8 күндері елорданың басты open-air алаңының сахнасына әлемнің 20-дан астам елінен келген 18 өнер ұжымы шығады.

Шара, жылдағы дәстүр бойынша, елорда жүрегі – «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда өтеді.

Фестиваль қонақтары мен көрермендернің назарына жанды дауыста орындалатын керемет туындылар және іс-шараға қатысушы елдер туралы танымдық интерактивті фильмдер ұсынылады.  Келушілер дәстүрлі аспаптардың әуезді үндері мен заманауи технологиялардың ерекше үйлесіміне куә болады.

Шараға қатысушылар тізімінде Abbos (Өзбекстан), The Doox (Украина), Khoomei Beat (Тува), Jiggy (Ирландия), Mamadou Diabate & Percussion Mania (Буркина-Фасо, Сенегал), Baba Zula (Түркия), Aldaspan (Қазақстан), Folk project Katya Yamschikova (Башқұртстан), Oki Dub Ainu Band (Жапония), GeoTRAIN (Грузия), Habib Koité & Bamada (Мали), Kerekes Band (Мажарстан), Yedil & Satzhan Project (Қазақстан), Marga Muzika (Литва), Indiogenes (Перу Республикасы), Роберт Юлдашев & Kuraisy (Башқұртстан), Dirtwire (АҚШ), Red Baraat (АҚШ, Үндістан), DJ Nariman Issenov, Arsen Superfly, Алёна Лобастова, Ras Ed (Қазақстан) топтары бар. 

Фестиваль шымылдығын өзбектің Abbos тобы мен көмеймен ән айту шеберлерінің ерекше шоуы ашады.

Қазақстан атынан Aldaspan этно-рок тобы, көмеймен ән айту шебері – Еділ Құсайынов пен Satzhan Project және диджейлер - Nariman Issenov, Arsen Superfly, Алёна Лобастова, Ras Ed өнер көрсетеді.

Қазақстандық көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп үлгерген түркиялық  BaBa ZuLa тобы The Spirit of Astana фестивалінің сахнасына алғаш рет шықпақ.

Украиналық The Doox тобы да шараға тұңғыш рет қатысқалы отыр. Музыканттар көрермен назарына көне украиналық фольклордың электр және рок-әуендермен ерекше үйлесімін паш етеді.

Жапониялық Oki Dub Ainu Band тобы елорда тұрғындары мен қонақтарын көне айну халқының музыкалық мәдениетімен таныстырады.

Биыл The Spirit of Astana фестивалінде Африканың музыкалық мәдениетін Mamadou Diabate & Percussion Mania және Habib Koité & Bamada топтары ұсынады.

Сонымен қатар, The Spirit of Astana 2018 сахнасында этникалық үндістерден құрылған Indiogenes тобы да шығады. Бұл – Аляска мен Ла Патагонияға дейінгі күллі Америка құрлығындағы үндістердің тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жырлайтын ерекше жоба.

The Spirit of  Tengri – этникалық музыка саласындағы аса ірі әрі мәдени брендке айналып үлгерген фестиваль. Ол Ұлы Дала елдері мен өзге де жаһан жұртшылығының мәдениетімен таныстыруды мақсат тұтады.  Қазақ жерін мекен ететін этникалық т оптарды бір жерде тоғыстырады. Жоба 2012 жылдан бері  Tengri FM ұлттық қазақстандық радиостанция ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Бүгінгі күні шараға әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 70 ел мен аймақтың музыкалық топтары өнер көрсетіп үлгерді. Осы уақыт аралығында 100 мыңнан астам тыңдарман музыка тойының қызығын тамашалады. The Spirit of Tengri жобасы шеңберінде өткізілетін концертте – көркемдік материалдармен әрленген теңдессіз музыкалық шоу. Сондықтан, тек көңіл көтеру емес, танымдық контентпен де қызықты.

А. Оралқызы