Nomad Way 2018. Көшпелі халықтар сазы Астана көгінде қалықтайды

Nomad Way 2018. Көшпелі халықтар сазы Астана көгінде қалықтайды
Фото: The Spirit of Tengri

Көшпенді мəдениеттің ІІ Халықаралық музыкалық Nomad Way фестивалі Астана төрінде 22-24 маусым күндері өтеді.

Бұл шараның негізгі мақсаты – көшпелі халықтардың мұрасын сақтап қалу мен мәдениетін көпшілікке таныту. Фестивальді The Spirit of Tengri жобасы мен Мəдениет жəне спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырып отыр.

Nomad Way – 2018 шарасының  өтетін жері – Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатр. Сағат 17.00-де басталады. Кіру тегін.

Осы фестиваль шеңберінде Қазақстан жыл сайын түркі жəне өзге де бауырлас халықтардың музыка мəдениетінің өкілдерін қарсы алады.  Биыл да 19 музыкалық топ Астанаға арнайы ат басын бұрмақ. Nomad Way – 2018 сахнасында ethno-world жанрындағы музыка ұсынатын Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Венгрия, Түркия, Эстония мен АҚШ ұжымдары өнер көрсетеді. Жалпы саны 20 мемлекетті құрап отыр.

Ел көлеміндегі үлкен масштабты алғашқы фестиваль былтыр, яғни, 2017 жылдың маусым айында Астанадағы "Этноаул" ұлттық мәдени кешенінде өткен болатын.

"Қазіргі таңда Nomad Way – тек Орталық Азияда ғана емес, сондай-ақ, барша әлемдегі көшпелі халық мәдениетін дәріптейтін аса ірі фестиваль. Ол құрлықтың қақ ортасында үш күн тойланады. Шараны ұйымдастырушыларды қосапағанның өзінде, тек өнер көрсетуге келетіндер саны 100-ден астам әртісті қамтиды. Бір айта кететіні, бұл номад мәдениетінің фестивалі болғасын тек түркі немесе Азияны қамтымайтыны анық. Яғни, әр құрлықта әлі күнге дейін көшіп-қонымен күн көріп жүрген түрлі ұлттар мен этникалық топтардың өмір тынысынан сыр шертеді. Фестивальдің ерекшелігі де осыда. Оның бар жер жаһанды қамтитынында болып тұр.

Биыл фестиваль Астананың 20 жылдығына арналып отыр. Nomad Way бағдарламасында осы мерекелі датаға баса назар аударылады. Барша өнерпаз өз репертуарына қосымша қазақ тілінде ән дайындап ұсынады. Қонаққа келетін топтар қазақ мәдениетімен алғаш қауышқалы отыр. Осыған қарамастан әр өнерпаздың фестивальге деген ыстық махаббаты мен пәк көңілі сезіледі. Ескі әндер жаңа өңдеу арқылы халыққа қайта оралады. Біз де бұл күндерді асыға күтеміз!" – деді Nomad Way фестивалінің Бас продюсері Жан Қастеев.

"Әр ел өзінің көшпелі өткенін ұмытпауға тырысуы тиіс, себебі, өткенсіз болашақ жоқ. Әр адамның бойында өз ұлтының рухы бар. Өткен ұмытылғанда осы рух та жойылады. Көшпендінің рухы – жаңалық пен тансық дүниелерді іздеу, оны табу. Өткенді ұмытпау дамуға жол ашады. Көшпенді мәдениет – тұтас философия. Оның маңызы жойылмақ емес", - деп қорытты сөзін Жан Қастеев.

Фестиваль қонақтарын жанды дауыс, керемет шоу, айрықша энергия мен ұлттық аспаптар дауысына елітер атмосфера күтеді.

"Біз өткен демалыс күндері 2 күндік The Spirit of Tengri фестивалін абыроймен атқарып шықтық. Бұл осы бағыттағы алғашқы және өте жарқын жобалардың бірегейі. Енді біз Nomad Way шарасына дайындықты бастап кеттік. Қатысатын топтар мен өтетін орын әлдеқашан белгілі болған. Барлығыңызды Есіл жағасындағы Амфитеатрға шақырамыз. Астаналықтар маусымдық кешке тәнті боп, ешқашан ұмытылмастай күй кешеді деп сенеміз. Біз шараны тек музыкалық концерт ретінде ғана емес, сондай-ақ, түрлі ел мәдениетімен таныстыратын танымдық мазмұндағы ақпарат та ұсынатын боламыз. Бұл жолы қазақ және ағылшын тілдерінде өтеді. Қызық болатыны анық", - дейді Nomad Way фестивалінің Бас режиссері Сергей Майборода.

The Spirit of  Tengri – этникалық музыка саласындағы аса ірі әрі мәдени брендке айналып үлгерген фестиваль. Ол Ұлы Дала елдері мен өзге де жаһан жұртшылығының мәдениетімен таныстыруды мақсат тұтады.  Қазақ жерін мекен ететін этникалық т оптарды бір жерде тоғыстырады. Жоба 2012 жылдан бері  Tengri FM ұлттық қазақстандық радиостанция ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Бүгінгі күні шараға әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан 70 ел мен аймақтың музыкалық топтары өнер көрсетіп үлгерді. Осы уақыт аралығында 100 мыңнан астам тыңдарман музыка тойының қызығын тамашалады. The Spirit of Tengri жобасы шеңберінде өткізілетін концертте – көркемдік материалдармен әрленген теңдессіз музыкалық шоу. Сондықтан, тек көңіл көтеру емес, танымдық контентпен де қызықты.

А. Оралқызы