Фонограммамен ән айтатын әнші кім?

Фонограммамен ән айтатын әнші кім?

Алматыда жыл сайын StarofAsiaAlmaty.kz музыка фестивалі өтеді. Бір қызығы, фестиваль қатысушылары тек жанды дауыста ән шырқайды!  

Star of Asia фестивалінің алғашқы күніне тек қазақстандық әншілер қатысады. Отандық шоу-бизнес өкілдерінің арасында ұлттық әуендерді жаңа қарқында орындайтын әншілер кім?  Алғашқы күннің концепциясы жайлы фестиваль сайты starofasia.kz-те былай делінген “бірінші күннің басты тақырыбы ұлттық музыка мен Жібек жолының әндері. Қонақтар дәстүрлі әншілер мен поп-музыка бағыты өкілдерінің дуэтпен шырқаған әндерін тыңдай алады. Ұлттық әуендер мен күйлердің заманауи леппен шырқалуы – бірінші күннің басты ерекшелігі болмақ”.

Концертке Дастан Оразбеков, Ерке Есмахан, Серік Ибрагимов, МұзART Life тобы, Нұрболат Абдуллин, ВИА «Ұлытау», Кәмшат Жолдыбаева, Динара Сұлтан, Бейбіт Күшқалиев, «Кешью» тобы және Baller, Black Dial, Mad men, Moonlight Q-POP топтары қатысады. Екінші күннің хедлайнерлері - атақты өзбекстандық әнші Севара Назархан мен «Евровидение-2014» байқауына қатысқан Диляра Кязимова. Ұйымдастырушылар АҚШ, Оңтүстік Кореядан қатысатын әншілердің есімін жақында жариялайды.

«Медеу» мұз айдынында өтетін алматылық фестивальдің сахнасы мен декорациясы қала тұрғындарын ғана емес, жүзге жуық елдің телекөрермендерін де таңғалдырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен жылғыдай, фестиваль 118 елде тікелей эфирде көрсетіледі. Сол себепті Coachella, MTV Music Awards сияқты әлемдік фестивальдерден кем түспес үшін арнайы аймақтар мен подиумдарға көп көрермен отырғызу көзделген.

Сонымен қатар сахнада арнайы жанкүйер аймағы (фан зона) болады. Яғни көрермен сүйікті әншілерін жақыннан көре алады. Сахнадағы жанкүйер аймағына арналған билеттер сатылмайды, тек «Жұлдыз FM» және «Tengri FM» радиолары мен қазақстандық телеарналар арқылы ойнатылады.  Сондай-ақ, backstage-ге, әншімен суретке түсуге, қызыл кілем үстімен жүріп өтуге мүмкіндік беретін билеттер қазірден бастап тікелей эфирде ойнатылады. Ең бастысы, билет сатып алып, автокөлік ұтып алуға болады!  

Фестивальдің бірінші және екінші күніне арналған билеттер қала кассалары, www.starofasia.kz сайтында сатылады. 

А. Оралқызы