Eurovision-2018 байқауында Израиль әншісі жеңімпаз атанды

Eurovision-2018 байқауында Израиль әншісі жеңімпаз атанды
Фото: Reuters©

2018 жылғы Eurovision халықаралық ән байқауы өз мәресіне жетті. 63-ші рет ұйымдастырылған өнер додасында Израиль елінің әншісі Netta (Нетта Барзилай) жеңіске жетті.

Биылғы Eurovision ән байқауы Португалия елінің астанасы Лиссабонда өтті. Жеңімпаз есімі сенбіден жексенбіге қараған түні Altice аренасында өткен кеште белгілі болды. Израильдан келген Нетта Барзилайдың бағы жанды. Израильдегі музыкалық реалти-шоудағы жеңісінен кейін жолдама алған. Ол өз елінде әскери оркестрдің сапында, Жас музыканттар лагерінің нұсқаушысы болып қызмет жасайды. Соңғы "Toy" ("Ойыншық") әнін Нетта ең табысты израильдік сазгер Тель-Авив әнұраны "Tel Aviv Ya Habibi" авторы Дорон Медалимен бірге жазған. Келер жылғы Eurovision байқауы жеңімпаз Нетта Барзилайдың елінде өтеді.

Eurovision-2018 байқауында екінші орынды "Fuego" («Жалын») әнін шырқаған Кипр елінің әншісі Элени Фурейра, ал үшінші орынды "Nobody But You" («Сенен басқа ешкім емес») композициясын орындаған аустриялық Сезар Сэмпсон иеленді.

Айта кетейік, Нетта Барзилай Eurovision байқауында топ жарған алғашқы израильдік әнші емес. Бұл елден келген өнерпаздар 1978, 1979 және 1998 жылдары байқаудың ең биік тұғырынан көрінген.

О. Сансызбай