Tengri FM «Интернет таңдауы» бірінші рок-премиясына дауыс беру басталғанын жариялады

Tengri FM «Интернет таңдауы» бірінші рок-премиясына дауыс беру басталғанын жариялады

Tengri FM «Интернет таңдауы» номинациясы бойынша Қазақстандағы бірінші Ұлттық премиясында дауыс беру басталғанын жариялады, деп мәлімдейді радиостанция сайты.

Жеңіске деген жігерін «Тенгри шыңында» («На вершине Тенгри») атты жобасына төрт жыл бойы қатысқан рок-группалар танытатын болады. Яғни негізгі номинациялық премияларға енбей қалған топтар да қосымша мүмкіндікке ие болып отыр. Айта кетейік, бірнеше топқа дауыс беруге болады, бірақ әрқайсысына тек бір рет қана. Ал қатынасушылар тізімі Tengri FM чартында ең көп дауыс алған топтармен толыққан.

Жеңімпаз есімі премияны салтанатты табыстау рәсімінде белгілі болады. Еске сала кетсек, рок-музыка саласындағы бірінші ұлттық премияны табыстау салтанаты 2012 жылы 2 желтоқсанда Алматы қаласында болады. Әділқазылар алқасына Ресейден «СерьГа» тобының көшбасшысы Сергей Галанин, музыкалық продюсер және «Максидром», «Нашествие», «Чартова Дюжина» фестивальдарының ұйымдастырушысы Андрей Матвеев пен «Город 312» тобының вокалисі Светлана Назаренколар шақырылды.

Ал қазақстандық қазылар алқасында ән эксперті Евгений Бычков, меценат әрі продюсер Ерлан Стамбеков, әнші Ирэна Аравина, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова, NS радиосының бас директоры Ноэль Шаяхметов, альпинист Мақсұт Жұмаев, «Меломан» компаниясының директоры Вадим Голенко, киносыншы Олег Борецкий, танымал музыкант Фархат Ибрагимов, ән эксперті Нұрберген Махамбетов, "Алаш Медиа Групп" холдингінің президенті Батыр Қазыбаев және Tengri FM радиосының директоры Мадина Уморбековалар бар.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: tengrinews.kz

А. Құлтай