Атақты музыканттар қолтаңбалары бойынша қаріп жасалды

Атақты музыканттар қолтаңбалары бойынша қаріп жасалды
Фото: www.songwritersfonts.com/

Songwriters Fonts атты платформада аты аңызға айналған адамдардың қолжазбаларына негізделе отырып жасалған қаріптер пайда болды.

Жоба авторлары Жюльен Сенс пен Николя Дамьен арнайы уақытын бөліп Курт Кобейн, Джон Леннон, Дэвид Боуи, Леонард Коэн мен Серж Генсбур сынды бақилық болған таланттардың жеке мұрағаттарымен жұмыс істеген. Қаріптер жасау үшін авторлардың өз шығармаларын жазған қағаздары мен оқыған кітаптарының шетіне салған белгілері сарапталған.

"Барлық қаріптер өнер адамдарына шабыт беру мақсатында жасалды. Олар өз туындыларын кумирінің қолтаңбасымен жаза отырып, таусылмас шығармашылық рахатқа бөленеді деп ойлаймыз. Өзін Боуи, Кобейн, Коэн, Генсбур немесе Леннондай сезіну, әрине, бала қиялға ұқсайды. Десе де, өнер адамдарының жаны қашан да нәзік келеді емес пе?!" – дейді жоба жетекшілерінің бірі.

Бір қызығы, www.songwritersfonts.com сілтемесіне өту арқылы барлық қаріптерді тегін жүктеп алуға болады.

А. Оралқызы