Бұл альбомды ұрлап кет! (аудиоподкаст)

Бұл альбомды ұрлап кет! (аудиоподкаст)
Фото: m292.info

"Steal this album!" – "Бұл альбомды ұрлап кет!". Атақты америкалық "System of a Down" рок тобы 2002 жылы 26 қарашада жариялаған альбомын дәл осылай атады. Альбомның жарыққа шығуы өте кездейсоқ болған еді.

"Steal This Album!" шықпай тұрып, топ өздерінің жоспарлаған студиялық екінші "Toxicity" альбомын 2001 жылы 4 қыркүйекте тыңдармандарына ұсынды. Бүкіл әлем бойынша альбомның 6 миллион данасы сатылып, сыншылардың оң бағасына ие болады. Оған енген әндер әлемнің үздік чарттарының көшін бастайды. Альбомға деген сұраныстың көп болғаны сонша, "Toxicity"-ге енбей қалған әндер де белгісіз себеппен ұрланып, интернетке тез тарап кетеді. System of a Down үшін бұл күтпеген жағдай болды. Әлі дұрыс өңделмеген, сапасы төмен әндерді жариялау жоспарда болмады. Топ қысқа мерзім ішінде бүкіл әндерді қайта жазып шығып, жеке альбом қылып шығарады. Әндер бұған дейін ұрланып, интернетке тарап кеткендіктен, музыканттар қағытпа ирония жасап, альбомды "Бұл альбомды ұрлап кет!" деп атайды. 

Қызық мұнымен бітпейді. Альбомның ресми логотипі маркермен жазылғандай әсер қалдыратын дисктер дүкендерде сатыла бастағанда, тыңдармандар алғашқыда альбомды пираттық деп қабылдайды. Маркермен жазылған жазу расымен заңсыз көшірілген дисктердің түріне ұқсап қалған, алайда түпкі идеяның өзі пираттық дисктердің үлгісіне негізделген.

Асылында альбомның айрықша аты бұған дейінгі америкалық қоғам белсендісі Эбби Хоффманның"Бұл кітапті ұрлап кет" атты кітабынан алынған. Эббидің де оқиғасы шытырманға толы. Бірнеше баспа оның кітабын шығарудан бас тартады. Эбби ұзақ ойланбастан өзінің "Pirate editions" баспасын ашып, кітабын ақыры шығарады. Көп дүкен оның кітабын сатуға қарсы болады. Себебі, кітап атауын тура мағынасында түсінетін оқырмандар да болады деп есептейді. Соған қарамастан, Эбби Хоффманның кітабы еш жарнамасыз тез таралып кетеді. 

2000 жылы Эбби Хоффманға арналған деректі фильм түсіріліп, режиссер Роберт Гринвальд Эббидің құрметіне фильмді "Бұл фильмді ұрлап кет!" деп атайды.

Massaget.kz