Адам қандай музыка тыңдайды?

Адам қандай музыка тыңдайды?
Фото: vk.com

Ғалымдар ми сканерлеуін пайдаланып, адамның қандай әуенді тыңдағанын анықтауды үйренді. Бразилиялық D'Or институтының зерттеушілері Scientific Reports журналына ғылыми баяндамалық мақала жариялады.

Зерттеу барысында алты адамға әртүрлі стильдегі 40 композиция тыңдауға мүмкіндік берілген. Олар – поп, рок, джаз және классикалық музыка бағытындағы туындылар. Миды сканерлеу кезінде үндестік (тональность), динамика, тембр және ритм сияқты музыкалық әуен сипаттамаларының адам ойында қалдырған «нейрондық ізін» ғалымдар магниттік-резонанстық машиналар мен техника пайдалану арқылы анықтап отырған.

Компьютер осы «нейрондық із» негізінде әр әнді 85% дәлдікпен анықтай алды. Бұл осындай сипаттағы бірінші зерттеу емес, десе де осы жолы алынған мәліметтер дәл түсуімен ерекшеленді.

Институттың зерттеушілері жақын арада компьютер адамдардың ойларын музыкалық туындыларға аудара алатын болады деп үміттенеді. Осы бағыттағы кейінгі зерттеулер неге адам белгілі бір музыканы ғана жақсы көретінін және мидың белгілі бір стилге бейім болу мүмкіндігін анықтауға ​​көмектеседі.

А. Оралқызы