Димаш Данэлияны жеңісімен құттықтады

Димаш Данэлияны жеңісімен құттықтады
Фото: vk.com

Миллиондардың сүйіктісіне айналған қазақтың мақтанышы, талантты әнші Димаш Құдайберген "Голос. Дiти" əн байқауында топ жарған 11 жасар Данэлия Төлешованы жеңісімен құттықтады.

Әнші өзінің инстаграм парақшасына: "Алақа-а-ай! Біздің ханшайым, сұлу қыз, теңдессіз талант иесі жəне жай ғана тəрбиелі қыз Данелёк жеңіске жетті, достар! Барлық жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын жəне Данэлияға Қазақстанның Тəуелсіздік күніне жасаған ерекше сыйы үшін алғыс айтамын. Біз сені жақсы көреміз!", – деп жазды. 

Айта кетейік, Димаш Данэлияға алғашқы кезеңнен бастап қолдау білдіріп, жылы пікірін білдірген еді. Отандасымыз зор дауысына Украина халқы тағы да тәнті болды. Суперфинал кезінде біздің дарынды қызымыз атақты «Океан Эльзы» тобының осал әншілер айта алмайтын "Не твоя война" композициясын нақышына салып тұрып орындап берді. Зор дауыстың әсері залдағы талай жанды әрі жетекшісін қатты толқытса керек, көздеріне жас алмаған көрермен аз болды. Ақтық сында Данэлия "Spectrum" әнін орындап, көптің махаббатын жаулап алды. Смс жолдаудың нәтижесінде Данэлия төртінші маусымның жеңімпазы атанды.  Байқаудың төрелері кезек-кезек сөз алып, Данэлияны әлемдік деңгейдегі жаңа жұлдызға теңеді.

Ж. Жұмағұлов