Француздың "Элвис Преслиі" өмірден өтті

Француздың "Элвис Преслиі" өмірден өтті
Фото: vk.com

Кеше, яғни, 5 желтоқсан күні музыкант Джонни Холлидейдің жұбайы Летисия: "Джонни Холлидей өмірден өтті. Мен осы сөйлемді жаза отырып, оның шындық екеніне сенгім келмейді. Менің өмірлік жарым енді жоқ. Ол осы түнде өмірін қалай батыл сүре білсе, дәл сол қалпында мәңгілік сапарына аттанды", - деген хабарлама жасады.

Франция БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, ол бірнеше ай бойы өкпе қатерлі ісігімен күресіп келген. Өкінішке орай, музыкант өмірден өтті.

Джонни Холлидей лақап атымен барша әлемге танымал жұлдыздың шын есімі – Жан-Филипп Смет. Ол өзінің бірнеше онжылдықтарға созылған шығармашылық өмірінде 1000-нан астам ән жазып, 100 миллион диск шығарып үлгерген. Сондай-ақ, бірнеше фильмдерде ойнаған.

1997 жылы Жак Ширак (сол кездегі Франция президенті) оған Құрмет Легионы орденін берді.

Халық оның рок-н-ролл бағытындағы музыка жанрын алған француз тіліне икемдегені үшін "француздың Элвис Преслиі" деп атап кеткен.

А. Оралқызы