Мөлдір Әуелбекова қанша жыл студент болды?

Мөлдір Әуелбекова қанша жыл студент болды?
Фото: massaget.kz

Тыңдармандардың жүрегін "Әдемі қыз" әнін әуелетіп жаулаған талантты әнші Мөлдір Әуелбекова Massaget.kz сайтына сұхбат берді. 

Massaget.kz: Шығармашылық адамына талант пен еңбектен басқа не керек деп ойлайсыз? 

Мөлдір: Өнер адамына бұдан бөлек сабыр мен шыдамдылық керек. Өйткені, өнер жолы – ең ауыр жол. Үлкен қошеметке, махаббатқа бөленіп жүру оңай емес. Оны көтере білу ақылға байланысты. Өнер адамының артынан әр түрлі сөз еруі мүмкін. Алдағы сынақтардан сүрінбеу үшін ең алдымен сабырлық керек деп ойлаймын. 

Massaget.kz: "Әннің бағын әнші ашады, әншінің бағын ән ашады" деген сөз бар. Сіздің бағыңызды ашқан ән қандай? 

Мөлдір: Менің бағымды ашқан ән – халық әні "Әдемі қыз". Оны бәрі білетін шығар. 

Massaget.kz: Ән таңдағанда неге мән бересіз, әнге ме, сөзге ме? 

Мөлдір: Маған қаншама композиторлар ән ұсынып, "неге тойдың әнін айтпайсыз?" деп сұрап жатады. Ол табиғатымда жоқ. Қанша тырыстым айтып көрейін деп. Болмайды екен. Бәлкім менің табиғатым лирикаға жақын болғандықтан шығар. Бұл бағыт жаныма жақын емес. Мен тойға шығам, бірақ мені тойда көбіне тыңдайды. Бір жағынан өзімді өте бақытты сезінем. Халық әннің әуенін, мәтінін тыңдап рахаттанып жатса, мен үшін үлкен қуаныш. 

Massaget.kz: Жоғарыда шығармашылық адамына сөз көп ереді деп айтып қалдыңыз. Жалпы, жағымсыз пікірлерді қалай қабылдайсыз? 

Мөлдір: Өнер адамы уақыт өте келе піседі, жетіледі. Алғаш сахнаға шығып жүргенде сәл бір кикілжің болғанда, әділетсіздікті көргенде ренжіп, "неге олай айтады, білмей жатып неге сөйлейді өйтіп" деп біртүрлі болатынмын. "Ит үреді, керуен көшеді". Қазіргі уақытта бәрін жақсы қабылдаймын. Елдің бәріне жаға алмайсың. Өйткені, бес саусақ бірдей емес. Дегенмен де, халықтың пікірімен санасуға тырысам. 

Massaget.kz: Сіздің Мейрамбек Бесбаевпен айтқан дуэтіңізді халық жақсы қабылдады және ең сәтті дуэт болған сияқты. Алдағы уақытта тағы сондай дуэт айтқыңыз кеп жүрген әншіңіз бар ма? 

Мөлдір: Өзімді өнердегі бақытты әншілердің бірімін деп есептеймін. Себебі, "мен" деген мықты тұлғалармен дуэт айттым. Ол екінің біріне бұйыра бермейді. Жақсы дуэт айтылып қойғаннан кейін бе екен, қатты бір көзім түскен әнші жоқ. 

Massaget.kz: Бүгін студенттер күні. Сіз қандай студент болдыңыз? 

Мөлдір: Қарасам, мен 10 жыл студент болыппын. 4 жыл колледжде, 4 жыл Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында және 2 жыл магистратурада оқыдым. 3 дипломым бар (күлді). Осы 10 жылдағы студенттік кезім әр түрлі. Колледждегі жылдарым еркелікпен, ал, өнер академиясындағы уақытым көбіне гастрольдік сапарлармен өтті. Кейінгі магистратурам да сондай. Әр кездің өз қызығы бар. Ауыз толтырып тек қана мынадай болды деп айта алмаймын. 10 жыл аз уақыт емес, небір қызықты сәттер өте көп болды. 

Massaget.kz: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Жандарбек Жұмағұлов

Ж. Жұмағұлов