Мейрамбек Беспаев Алматыда мерейтойлық ән кешін өткізеді

Мейрамбек Беспаев Алматыда мерейтойлық ән кешін өткізеді
Фото: instagram.com

8 қараша күні Алматы қаласындағы Республика сарайында танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бевпаевтың жеке концерті өтеді.  Өнер майталманы мерейтойлық ән кешін сахнада жүргеніне 30 жыл толуына орай ұйымдастырып отыр.

Мейрамбек Беспаев Алатау бөктеріндегі ән кешінде лирикалық бағыттағы бірсыпыра жаңа әндерін шырқайды. Сондай-ақ соңғы жылдары әншімен бірге дуэт болып ән шырқаған эстрада жұлдыздары да сахнаға шығады. Олардың қатарында Мөлдір Әуелбекова, Қайрат Нұртас, Мәдина Сәдуақасова, Медеу Арынбаев сынды эстрада жұлдыздары әншімен бірге дуэт орындайды.

- Енді биыл өнерде жүргеніме отыз жыл болыпты. Не алдым елге не бердім? Елдің қошеметін алдым, махаббатына бөлендім. Жалпы, өмірге келгеніме, оның ішінде өнерде жүргеніме қуанамын. Сондықтан, өмірде қуанышты сәттерді Алла Тағала көп сыйлады маған. Жар сүйдім, бала сүйдім, әжем мен атамның тәрбиесін алдым, жақсы жолдастар кездесті. Сондықтан өмірде алған жақсы сәттер көп. Ал енді бергеніңді міндетсінуге болмайтын шығар. Кішігірім, тек әншімін деп есептеймін өзімді, өнерпазбын. Әлі берерім көп пе деп ойлаймын. Өйткені елдің мұңын жырласам ба деген, әлі талай-талай айтылмаған әндерім күтіп тұр деп ойлаймын. 30 жыл ішінде не жинадық, не түйдік, не бердім, не алдым, қандай әндер айттым деген сияқты сұрақтарды ой елегінен өткізіп, Алматыда да бір есеп беру кешімді өткізсем деп шештім, - деді әнші Massaget.kz сайтының "Айна" бағдарламасына берген сұхбатында.

"Айна" демекші, жақын күндері бағдарламаның екінші маусымы ашылады. Жаңа маусымның ең бірінші қонағы да Мейрамбек Беспаев болмақ. "Айнадан" әншінің осыған дейін айтылмаған сыры мен жүрек түкпіріндегі арман-мақсаты жайлы, қызығушылығы мен қуанышты сәттері, келелі ойларын көре аласыздар.

Айта кетейік, әнші Мейрамбек Беспаев 7 қараша күні 41 жасқа толады.

О. Сансызбай