«I'm a Singer Kazakhstan»: көпшілік кімді таңдады?

Өткен жексенбіде «I'm a singer Kazakhstan» жобасының екінші шығарылымы 31 арна эфиріне шықты. Бұл эпизод көрерменге бұрынғыдан да тамаша музыка, ғажайып жүрек тебірентер сәттер және жан қиналысын сыйлап, байқауға қатысушылар тізіміне үлкен өзгеріс енгізді! 

Башқұртстаннан келген қатысушы Айтуған Гайзуллин күтпеген жерден көпшілікті таңғалдырды! Бірінші турда көремендердің дауысымен тоғызынша орынға тұрақтаған жас жігіт реванш алуға бел буыпты. Ол башқұрттың «Уралым» деп аталатын халық әнін орындап, әннің этникалық мақамының халыққа ұнағаны сонша, Айтуғанды тізімнің басынан бір шығарды.

Бірінші шығарылымның көшбасшылары Ерден Жақсыбеков пен қытайлық Ту Юн Фу рейтингтің ортасына түсіп, басқаларға жол беріп қойды. 

Бәрінен бұрын Татарстаннан келген жас әнші Зарина Хасаншинаның жолы болмады. Бойжеткен көпшіліктің көңілінен сол күйі шыға алмай, жобадан кеткен бірінші қатысушы атанды.

Жобадан бір қатысушыны шығаруда шешуші дауысқа ие болғансарапшы қазылар алқасының мүшесі, Қытайдан келген қазақ әнші Арай Айдархан былай дейді:

- Бұл өте ауыр таңдау болды. Маған барлық әнші ұнайды. Әрқайсысының жеке стилі, қолтаңбасы бар. Сонысымен басқа мыңдаған әншіден ерекшеленеді. Бүгін сахнада өнер көрсеткен он қатысушы әндерін бар ынта-ықыластарымен, жан жүректерімен орындап шықты. Сондықтан кімнің қалып, кімнің кететіні маған байланысты деген кезде, қатты сасып қалдым. Дұрыс таңдау жасадым ба, ешкімді ренжітіп алған жоқпын ба деп әлі де уайымдап отырмын. Бұдан кейін мұндай жағдайға тап болматын шығармын.

Ал әзірге жобаға қатысушылар сәттілік те көрерменнің махаббаты сияқты, оңай нәрсе емес екенін түсінді. Оны ұстап қалу үшін жай ғана жақсы әнші болып қоймай, көп еңбектену керек. Өйткені келесі кезеңде көрермен тағы бір әншімен қош айтысады. Ол кім болуы мүмкін? Келесі жексенбіде, 31  арнамен бірге тамашалайсыздар!

Жобаның бас демеушісі – Forte bank.