Бүгін Silk Way Star халықаралық телевизиялық шоуы басталады

Бүгін Qazaqstan ұлттық арнасында Silk Way Star халықаралық телевизиялық шоуы басталады. Жобаға 9 елдің өкілдері қатысады. Бұл туралы байқаудың басталуына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында "Қазақстан" АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин мәлімдеді. 

Алматыда өтетін шоу 12 кезеңнен тұрады, жоба үш ай көлемінде өтеді деп жоспарлануда. Түсірілімге Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Грузия, Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен әншілер қатысады.

«Заманауи қазақстандық өнерге басымдық беріп отырмыз. Оларға үздік қазақстандық хиттарды орындау тапсырмасы беріледі. Өз тілдерінде, ағылшын тілінде орындай алады», - деп түсіндірді спикер.

Телешоудың трансляциясы барлық қатысып жатқан әншілердің елдерінде де көрсетілетін болады. Silk Way Star қазылар алқасының құрамына халықаралық дәрежедегі кәсіби әртістер пен продюсерлер кіріп отыр.

Қариннің айтуынша, жоба көшірме емес, түпнұсқа өнім. Жобада Қазақстан намысын Айқын Төлепберген қорғайды.