«I`m a singer Kazakhstan» жобасының «жұлдызды десанты»: жерге қонуға дайын!

Күн өткен сайын «I`m a singer Kazakhstan» шоуы жақындап келеді. Ол жайында құпиялардың да шеті сөгіліп жатыр. Ал біз жоба қатысушыларының байқау аяқталғанға дейін тәлімгерлермен жұмыс істейтінін анықтадық.   

Талант-шоудың форматына сәйкес музыкалық салада тәжірибесі мол танымал музыканттар, продюсерлер, әртістер импрессарионың рөлін атқара алады. Олардың есімі әлі белгісіз. Есесіне, байқау қатысушылардың тағдырын шешуде айтарлықтай рөл атқаратын сарапшы қазылардың есімдері толықтай белгілі болды. Қазақстандық музыка сүйер қауымды ерекше тосынсый күтіп тұр. Сарапшы қазылар алқасының құрамында елімізге белгілі талант иесі, халықтың сүйікті әншісі Әлішер Кәрімов бар. Әлішер кезінде «Superstar Kz» жобасына қатысып, халық арасында танымалдыққа ие болған. Одан кейін де көптеген халықаралық байқауларда еліміздің намысын қорғап, бірнеше мәрте медальдармен, жүлделермен оралды. Ең бастысы, бүгінде Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де оның өнеріне табынатын жанкүйерлері көп. Әлішермен бірге қазылық ететін тағы бір сарапшы Қытайдағы қазақ әншісі Арай Айдархан. Арай «I`m a singer» жобасына қатысқан: шоудың қытайлық нұсқасы кезінде Димаш Құдайбергеннің тәлімгері болған. Енді әнші импрессарио рөлін қазылар алқасының орынтағына ауыстырып, екі жақтың да жұмысын жақсы білетіндіктен, әділдік пен бейтараптықты ұстануға дайын екенін айтты.

Сарапшы қазының үшінші өкілі еліміздегі музыка нарығының белді продюсері Алуа Қонарова. Оның қанатының астынан Айгүл Иманбаева, Рахат Тұрлыханов, «Rin`Go», «Renzo» және «Ayumi» сияқты топтар түлеп ұшқан. 

Ал әйгілі ән байқауының жүргізішісі белгілі шоумен, театр және кино актері – Азамат Сатыбалды. Оны таңдау да кездейсоқтық емес. Азамат бұған дейін де талай телевизиялық талант-шоуларды жүргізген. Бірнеше жыл бойы «Қазақстан дауысы» фестивалінің жүргізушісі болған. Сол себепті де Азамат байқау барысында алдынан қандай қиындықтар мен кедергілер шығатынын жақсы біледі.

Шоудың алғашқы эпизодын 24 қыркүйек күні сағат 21:00-де 31 арна эфирінен тамашалай аласыздар! Аңызға бастап барар шоудан қапы қалмаңыздар. 

Байқау Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.