Димаш "Славян базары – 2017" байқауының жабылу салтанатында өнер көрсетеді

Бүгін Белорусияның Витебск қаласында XXVI Халықаралық "Славян базары" байқауының жабылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды Массагет тілшісі.

Бұл туралы әншінің өзі инстаграм желісінде "Осыдан екі жыл бұрын менің бағымды ашқан "Славянский базар" байқауында еліміздің атынан қатысушы есебінде өнер көрсеткен болатынмын. Биыл бұл байқауда тағы бір мәрте қонақ есебінде бой көрсететін болдым. Дәл бүгін Мәскеуден Белорусияға аттанғалы жатырмын. Ертең кездескенше, Витебск!", – деп жазды. 

Кеш қонақтары ретінде Димаштан бөлек Валерий Меладзе, Татьяна Буланова, Глеб Матвейчук, Сосо Павлиашвили, Егор Крид және т.б. белгілі әншілер келеді деп күтілуде. Биылғы байқауға еліміздің атынан Ауree есімді жас әнші қатысып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде әлемнің алтын дауысына айналған талантты әнші, отандасымыз Димаш Құдайберген осыдан екі жыл бұрын эстрада әндері орындаушыларының XXIV халықаралық Славян базары – 2015" байқауында жеңімпаз атанған еді.