Ғарыштан жеткен ғажап: Дельфин дауысты Димаш

Ғарыштан жеткен ғажап: Дельфин дауысты Димаш
Фото: vk.com
Қытайдың kazakcnr.com сайытында Қытай астанасында тұратын қандасымыз, Бейжіңдегі Орталық халық радиосының дикторы, композитор, ақын Балапан Рабатовтың «Димаш диапазоны» атты көлемді сараптамалық мақаласы жарық көрді. Автор мақаласында Димаштың өнердегі биік жетістігін бағалай отырып, оның ерекше дарынын кәсіби деңгейде музыка тілімен түсіндіріп, жіктеп, талдап, дарын иесінің жұртты мойындатуының ерекше себептерін ғылми тұрғыда ашып көрсетуге ден қойған.
 
Әр сенбінің кешінде Хунан телеарнасының «Мен әншімін» жобасын көруге әдеттеніп те қалғандай едік. Бүгінгі күні сол кешегі керемет әншілердің жарқын образы мен ғажап дауысы санамызда қайта жаңғырып, өнердің өз адамына деген іңкәрлық пен ізет қайта оянғаны рас. «Әнші» жобасында өнер көрсеткен әншілердің әр қырын толық ашуға жоба жауаптылары мен кәсіби мамандардың барын салғаны анық. Әне сондай биік талғам, үлкен жауапкершіліктің жемісі қазақстандық жас әнші Димаш Құдайбергеннің бойынан да айқын аңғарылады.
 
Димаш жөнінде әлеуметтік желіде, ғаламторда, телерадио мен баспасөзде аз айтылған жоқ. Соның бәрінде Димаштың дельфин үнді әуезіне таңырқау мен тамсану басым болды. Ал, білікті мамандар оның дауысындағы дара ерекшелікке, алдағы даму болашағына көбірек назар аударып, баға берді. Бізде тамсануды танымға, таңырқауды талғамға жүктеп, шама келгенше жіктеп көруге құлшындық.
 
Димаштың алғашқы орындаған әні франциялық Мишель Бергердің туындысы «Қайғырған жанның қарманысы» (SOS d'un terrien en détresse) болды. Француз тілінде орындалған әннің дүниедегі бес қиын әннің бірі болғанына қарамастан әнші бұл шығарманы өз деңгейінде орындады деуге толық негіз бар. Өйткені, бұдан бұрын орындалған нұсқалары да оңай-оспақ бағынбайтын биіктер болды. Димаш төмен дыбыстарды еркін меңгерді. Әдемі келбеттен таңғажайып әуендер әуелейді. Жоғары дыбыстарға ауысарда көмескідегі тылсым күш бірден әлеуеттеніп, әлемді тәнті етердей ғаламат қуатқа ұласты.
 
Димаш диапазонын әдеби тілмен әдіптеудің нанымдылығына күмәнім бар. Сондықтан сазды сөзге көшірудің ұтымды жолы әрине музыка ғылымына жүгіну. Демек, Димаштың дауысын анағұрлым ғылыми тұрғыдан тану, түсіну үшін аз да болса музыкалық сауат ашу қажет сияқты.
Әдетте, музыкалық терминологияның дені итальян тілінен енген. Италияда өнердің опера, симфония, хор секілді ірі түрлері қалыптасып дамыған. Мұны қаузай берсек ұланғайыр музыка тарихына еніп кетеміз. Ендеше, өзіміздің қажетімізге қарай аз-кем музыкалық атауға аялдайық: accord (акорд) - үндестік. Adagio (адажо) - ақырын, баяу, жай. Aria (ария) - ән, вокалдық шығарма. Baritono (баритон) - ерлер орта дауысы. Basso (бас) - төмен дауыс. Ton (тон) - белгілі биіктіктегі саздық дыбыс. Bemolle (бимол) - жарты тон төмен айту, (ойнау). Color (колор) - баяу, әшекей, нақыш. Coloratura (колоратура) - әйелдің ең биік дауысы, әуендік әшекейлер. Coro (коро) - хор. Diaposon(диапазон) - дауыс көлемі. Dinamica (динамика) - дауыс қуаты мен өзгерісі. Diesi (диез)-жарты тон жоғары айту, (ойнау). Fasile (фазиле) - жеңіл. Falso (фалзо) - жалған, жасанды. Libretto (либретто) - саздық шығарманың әдеби сөзі. Lieve(леве) - жеңіл. Minore (миноре) - минор. Mixt (микст) - аралас дыбыс, жоғары-төмен тондардың араласып бірігіп шығуы. Orchestra (оркестра)-оркестр. Ottava alta(оттава алта)- бір октауа биік. Ottava bassa(оттава бас)- бір октауа төмен. Pausa (пауза)-кідіру, тыныстау. Soprano (сопрано) - әйелдің жоғары дауысы. Solista (солиста) - солист، жеке әнші. Tenore (тенор)-ердің биік дауысы. Roco (роко)-қарлыққан үн.
 
Димаш орындаған S. O. S әні колоратуралық тенорлардың орындауына арналған туынды. Әдетте, ерлердің жоғары дауысы (tenor): (Lyric Tenor)-лирикалық тенор, (Dramatic Tenor) драммалық тенор және (Coloratura Tenor) колотуралық тенор деп үшке бөлінеді. «Неге келдім, неге кеттім өмірден, кейде күліп, кейде жылап егілген»-деп басталатын әнге әдемі дауыспен қатар, жабырқаған көңіл-күй де керек еді. Сондай эмоцияға енуге 22 жасар әншінің тума мінезі мен талғам-түйсігі көмекке келді десек қателеспейміз. Мұндай сабыр, ұстаным, ішкі қуат бозбаланың бойында қалай қалыптасқаны жайлы болжамдар да желдей есті. Ақыр аяғында 1979 жылы жазылған туынды авторының да тағдыр-талайы тақырыпқа арқау болып, әнмен бірге әлемге тарады. Делфин үнді әнші бірден highF дыбысына шырқап шығып жұртты таң-тамаша қалдырды.

Бүгінгі таңда биік, шыған, шырқау, зәулім дейтін көптеген баламасы бар high дейтін сөз модаға айналды. «High ән», «high әуен» деген сияқты. Бұл сөздің шексіз, аса, асқын, төтенше, керемет деген мағанасы да бар көрінеді. Әйтеуір, теңдессіз, ғаламат, ғажап нәрселерге қолданылатын бейнелі сөз болса керек. Сонымен Димаштың әндері де шетінен HIGH!
 
Жә, Димаш диапазоны мұнымен шектелмейді екен. Кезінде ресейлік «Делфин үнді ханзада» Витас орындаған «Опера-2» әні Димаштың орындауында өзгеше әуеледі. Витас нұсқасына құлағы үйренген жанкүйерлер Димаштың қалыптан қалыпқа ауысқан шыған дауысын естігенде тек қана таңдай қағып таңданумен болды. Әрине, Витастың үні Димашқа қарағанда жіңішке, тұнық. Ал, Димаш диапазоны дыбыстан дыбысқа көтерілген сайын күшейіп, ашылып, жоғары-төмені ұласып, біртұтас кеңістікке құлаш ұрғандай әсер сыйлады.
 
Витастың 18 жасында жазған бұл шығармасы бүкіл Ресейді, тіпті жер жүзін дүрілдеткен туынды. Ресейде 114 түрлі сыйлыққа ие болған. Әндегі өз тұқымдасын іздеген балық қыздың тағдыры әуен арқылы да ерекше сомдалған. Шырқау биік әуезбен көкке шағыну әншінің сирек дауысын сынға салатын сәт. Сол сәтте Димаш арт-артынан үш қалыпқа ауысады. Қарапайым тілмен айтқанда іркес-тіркес үш дыбысты көтеріп орындайды.
 
Димаштан ылғи да шырқау, шыған дыбыстарды күтуге дағдылана бастаған жұрт дәл осы тұста құмардан шыққандай қарық болады. Мұндай сұранысты бірер жол қанағаттандыруға болғанымен өнер қағидасына сыя бермейді. Өйткені, әншіге де, ән сүйер қауымға да керегі толыққанды, біртұтас шығарма. Өнер туындысы әсте спорт емес.
 
Димаштың жалғасынан үш рет қалып ауыстырып, шырқауы спорттың биікке секіру түрін еске салады. Спорт шебері белгіленген биіктіктен секіріп өтуі үшін көлденең таяқшаны жоғары қарай көтеріп қояды. Шебер мүмкіндігі жеткенше секіріп бағады. Жаңағы Димаштың диапазонын сынағандай болған үш қалыпқа ауысу тәсілі соған ұқсайды. Іс жүзінде Димаштың дарыны тек қана тасқын жоғары дыбыспен өлшенбеуі керек. Оның төмен, орта дыбыстары да сондай сапалы әрі лирикалы екені жұртқа аян. Демек, әншіден ылғи да шыған дыбыстарды дәмету тым артық әрі қарабайыр сұраныс.
 
Егер Димаш эстрадаға келмей операға кетсе, әрине сюжетке, образға толы лиркалық, эпикалық шығармаларды орындап, арияларды әуелетіп жүре берер ме еді, қайтер еді?
 
Димаш 3-кезекте «Тамаша тарқамайды» (the show must go on) деген әнмен дауыс қуатын анағұрлым әйгіледі. Бұл әнді орындау барысында ол 2 минуттың айналасында 6 түрлі шырқау тәсілін алма-кезек пайдаланып, өзіндегі табиғи дарынның яғни дауыс мүмкіндігінің ешкімге ұқсамайтын өзгеше қырын көрсетті. Ашалап айтқанда f2- #a2 дыбыс аясында жеңіл (fasile) дыбыстау, f2- #a2 дыбыс аясында қалыпты аралас дыбыстау (mixt), b2- E3 дыбыс аясында алдыға аралас дыбыстау тәсілімен c2-#d2-g2-c3-#d3 дыбыстарды үзіліссіз асқан (key) биіктікте шырқайды. Одан ары осы дыбыстардың аясында артқа аралас дыбыстау тәсілімен c3 дан #d3 ге көтерілген соң жасанды (falso) дауыспен әуелетеді. Сосын күшті жасанды дауыспен g3 ды шырқап, ізінше артқы дыбыстаудың ең жоғары шегіндегі f3 ды аралас дыбыстау тәсілімен үзіліссіз екі рет шығандатады. Жасанды дауысты артқа жастап айту, аралас дауыстан бас қуысы дыбысына қайту қатарлы ән салудың сан-алуан тәсілдерін, техникасын шеберлікпен қолданған Димаш теңдессіз дауыс көлемі (диапазоны) арқылы «Әнші» жобасындағы жарық жұлдызға айналды.
 
Осы арада «Аралас дыбыстау, алдыңғы, артқы аралас дыбыстау» деген кәсіби атауларды ашалап түсіндіре кетейік: аралас дыбыстау - бас, ауыз, жұтқыншақ, кеуде қуысындағы дыбыстарды ұштастырып, кеңітіп, толық бір бояумен шығаратын ғылыми ән шырқау әдісі.
 
Ал, алдыға, артқа дыбыстау - дегеніміз дауысты алдыға, артқа жастап шығару деген сөз. Яғни ол дыбыстың орнына, бағытына байланысты түйсік. Мысалға Бейжің театрының дыбыстау тәсілі әдетте «артқа жастап айтуда» жатқанымен, іс жүзінде дауыс жарқын, жинақы, алдан естіледі. Демек, дауысты артқа жастау-әншінің түйсігіне, алға жастау- объектив тыңдаушының түйсігіне саятын құбылыс. Бұл екеуін шатастыруға болмайды.
 
Димаш Құдайберген жапониялық танымал әнші Кожи Тамаканың «Алыстама» әнін Қытайдағы танымалы жұлдыз Жаң Шуею орындаған «Қоңыр күз» нұсқасымен әуелеткенде көрермендер көз жасына ерік берді. Мұндай әсер мен тебіреніс әуелі ән табиғатымен тығыз байланысты болса, келесіде әншінің құлпырта түрлендіруімен, шеберлігімен, ішкі қуатымен де қатысты. Оның үстіне Димаш нұсқасында қалып алмасу, әуендік әрлеу болғандықтан түпнұсқа мен алғашқы орындауға қарағанда едәуір күрделі, биік дыбыстар ұшырасады. Шығарманың ноталық нұсқасына қарасаңыз ең жоғары дыбыс бір нүктелі 7 (si)-ға дейін таңбаланған (нотаға қараңыз). Ал Димаш орындаған нұсқада өңдеуші әншінің дауыс көлеміне, диапазонына орай әуелгі мелодияны кеңіткен. Биік дыбыстарды әдейі үстеп әншінің мүмкіндігін жоғары шекте сынауға немесе әйгілеуге жағдай жасаған.

«Дай-ди-дау» аса әуезді, іңкәрлік пен ізетке жүкті шығарма. Әуені де, құрылымы да қарапайым, көкейге қонымды, ұлттық сарыны басым. Алайда, Димаш диапазонына бұл әннің әуелдегі әуенімен құрлымы сәл шағын, шақты келетіні рас. Әнші де, өңдеуші де соны жақсы білген. Әннің әуені мен құрылымына қол сұқпай, қиянат қылмай-ақ әдемі дамыта білген. Қалып ауысу, әуендік қосымшаларды сыналау сәтінде де, аспаптап гармониялық нормаға салғанда да едәуір кәсіби шеберлік танытқан. Соның нәтижесінде Димаштың дауысы да шығандап шырқау биікке көтерілсе, ән мелодиясы да әуелгі таза қалпынан, ежелгі сарынынан, ұлттық бояуынан ажырамаған.
 
Қазақ әндерінде құрылымы үлкен, тынысты әндер аз емес. Ондай шығармаларды бірден көгендеп беруге болады. Тек қана сондай құлашты, ауқымды әндерді өз деңгейінде, биік өреде орындау, насихаттау үрдісі жетіспейді. Болмаса ұлтымыздың ән әлемінде арияға да бергісіз опералық үлгідегі үлкен әндер баршылық. Ондай әндер «Қорлан», «Назқоңыр», «Жарық етпес», «Қаракесек» болып жалғаса береді.
 
Америкалық Mark Ronson мен ұлыбританиялық Bruno Mars-тың жүлделі туындысы «Uptown Funk» кезінде бүкіл жершарындағы таралымы ең көп ән болған. Дерек көздеріне жүгінсек «Funk» өткен ғасырдың 60 жылдары қара нәсілділер арасында пайда болған көше әуені көрінеді. Тақырыбында белгілі бір нақты ұғым жоқ. Қала шетіндегі тұрғындар ауданындағы дырдуға келіңкірейді. Ритмі айтып тұрғандай «сан етін жұлып жеген» рок, джаз тектес жанрдың нышандары басым бұл туындыны Димаш тіптен жандандырып жіберді. Әннің жарты ғасырдан бергі өзгелер орындаған нұсқасын тыңдап көрсеңіз соған нанатын едіңіз. Табиғи C қалыбындағы G мен екі нүктелі асқын жоғары дыбыс (keyG)-дың арасында құйқылжыған Димаш диапазоны әлеуетті әншіні тағы бір қырынан әйгіледі.
 
Музыкалық көңіл-күйдің ақырын, баяу, жәй (adagio) деген өлшемдерін беретін адажо атауы ән әуенімен шалқығанда Димаштың ауыз, көкірек, бас қуысындағы жаңғырықтар түгел түйісіп бірде шынайы, бірде жасанды дыбыстау тәсілімен алма-кезек шығандап, мажор C қалыбымен баяу өрлеген сайын мейлінше ашылып тұнық, қуатты, сапалы үн түйдегі екі қалыптан кейін шырқау биікке, асқан жоғары f дыбысына қадалып, ізінше жасанды дауыстың көмегімен екі нүктелі (a2) 6 (la)-дан үш нүктелі (d3) 2 (re)-ға қонақтап, одан ары кеңістікте жаңғырып, ғарышқа сіңгендей әсер сыйлайды.
 
Француз халық жыры негізінде бүкіл Еуропаны шарлаған «Adagio»-ны Моцарт 1778-жылы жазда Парижда аялдағанда жазған дейтін жорамал бар. Қалай болмасын әннің жағымды мелодиясы мен жайлы ритмі Димашқа да керемет шабыт сыйлағаны оның шығармаға жан-тәнімен еніп шырқауынан көрініп тұр. Медия сарапшыларының «Димаш adagio»-ны орындағанда екіге бөлініп кетті» дегені тегін емес. Оған енді әлем жұртының қилы-қилы таңданысы мен ақ тілектерін қосыңыз. Бразилиялық Марсия: «Құдды бір әншінің ішінде үш әнші тұрған сияқты. Ғажап!!!» деп таң-тамаша болса, германиялық Кристин: «Мәссаған, мына жігіттің көмейінде тенор мен сопраноның арасындағы, ерге тән дауыс пен әйелге тән үн арасындағы бүкіл дыбыстар гаммасы түгел жүр ғой! Тұла бойым тітіркеніп кетті»,-деп аңтарылады. Демек, Димаштың «Adagio»-ны орындау барысындағы шынайы әрі жасанды дауысты кезек қолдану тәсілі әншінің елден ерек кәсіби шеберлігін айғақтайды.
 
Хан Хұңның «Таң атты» (韩虹:天亮了) деген әні шынайы өмірдегі аянышты жағдайды арқау еткен эстетикалық, тәрбиелік құны аса жоғары туынды. Ата-ананың ұрпаққа деген ұлы махаббаты сазбен де, сөзбен де әсерлі жырланған. Димаш ән әуеніндегі құбылмалы, толқымалы сарынға қарай ұқсамаған дыбыстау тәсілін қолданып, шығарманың тұлғалық түйсігін дәл тауып, ішкі драммалық тартысты дауыс пен мимика арқылы аша білді. Жеңіл (fasile), шынайы үнмен қоңырлатып бастап, келесі бөлекте биік, жасанды (falso) дауыспен мәнерлей әндетіп, шарықтау шегіне жеткенде жанды, жаңғырық (mixt) әуезбен әуелетіп әкетеді. Екінші шумақтың қайырмасында әуелгі G қалыбынан D қалыбына ауысып, жоғары тондары екі нүктелі 5 (so)-ны соғып өтіп, 4 (fa)-ны төрт «ударға» созғасын жасанды (falso) дауыспен әуелетеді.

Димаштың 9-айналымда орындаған «All By Myself» деген әні әншінің ғажап дауысындағы көмескі күштің 90 пайызын ашқан айырықша өрелі шығарма болды. Дей тұрғанмен сазбен өрілген құбылысты сөзбен түсіндіру қиын шаруа. Ал әннің өз басы дүниедегі өте қиын әндердің бірі болғандықтан кім көрінгеннің илеуіне көнбеген сыңайлы. Өйткені асқан жоғары дыбыстар іркес-тіркес келіп нешелеген «ударға» созылатындықтан әншінің желбезегіне, тынысына, машығына үлкен сын болған. Оның үстіне құлазыған көңіл-күй мен жалғыздықтың жан азабын сезініп сондай ауыр халге ауысудың өзі де әншіге оңай болмаған. Ал Димаштың бұған дейінгі образы, оңаша ойлы-күйлі мінездемесі әлгіндей шарттарға лайық еді. Нәтижесінде «Жалғыз жарлы»-ның техникалық тетіктері мен асқан биік дыбыстары колотуралық өреде әдемі шешілді. Мысалы әннің аяқтау шегіндегі шынайы әрі жасанды тонмен(ton) шырқалған аса жоғары дыбыстарға, key-ларға тек қана таңданасыз.
 
key-тәсіліндегі дыбысты бір октава көтеріп айтуды меңзейді. Ашалап айтқанда 1234567(do,re,mi,fa,so,la,si) деген дыбыстарды латын әрпімен cdefgab деп таңбалайды. Мұны бір октава десек, оның ішінде 12 дыбыс қамтылған. Яғни: (c#cd#def#fg#ga#ab) міне осы key - лерге сай октавалық аттап шырқауды c2,c3 немесе b2,b3 деп белгілейміз. Мысалы, Димаш орындаған «Тамаша тарқамайды» (the show must go on) деген әннің 2 минут 40 секундынан кейін c3 тен #d3- ға шығандап, ізінше жұмсақ та лирикалы жасанды (falso) тонға ауысады.
 
Қорытып айтқанда Димаш – дарын. Димаш – құбылыс! Жас әншінің бес тілде орындаған оннан астам шығармасынан «ғарыштан жеткен ғажап дауыстың» ғаламат қуатын сезіндік, оған таңырқадық, тамсандық. Әсіресе Димаштың бойынан атадан келе жатқан салт-дәстүрге, ана тіліне деген адалдықты, перзенттік борышты көріп көзімізге жас үйірдік.
 
Димаш тіл туралы ештеңе айтпаса да қазақ тілінің мәртебесін көтерді. Қазақ азаматының әлпетін, мінез-құлқын, мәдениетін әлем жұртына, қала берді көрші елдерге әдемі де әдепті қалпында көрсете білді. Өзге жұрт қазақтың мәдениетімен, тарихымен, салт-дәстүрімен, әдебиетімен, өнерімен, тіл-жазуымен санаса бастады. Димаш диапазоны дауыспен ғана шектелмей елдер арасындағы береке-бірлікті бекемдеудің, халықтар арасындағы түсіністікті тереңдетудің, мәдени ауыс-күйісті нығайтудың дәйекті дәнекеріне, мәйекті елшісіне айналды.

Дереккөзі: inform.kz

Ж. Жұмағұлов