Димаштың стилі

Димаштың стилі
Фото: vk.com

Миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулап алған отандасымыз, талантты әнші Димаш Құдайбергеновтың дарыны өнер әлемінде зор таңданыс тудырды. Бүгінде оның тыңдармандары тек Қазақстан мен Қытайда ғана емес, Францияда, Индонезияда, Кореяда пайда болды. Тіпті, ол туралы ақпараттар рекордық көрсеткіштегі көрілім жинады. 

"Singer 2017" жобасына қатысқаннан бері Димаш имиджін өзгерткенінен барлығы хабардар. Бәзбіреулер жақсы деп жатса, енді біреулері жағымсыз пікірлерін айтқан еді. Қалай дегенде де, бұл өнер екенін ескеруіміз қажет. Үлкен сахнада тек жанды дауыста ән айту ғана емес, сыртқы пішін мен киімге де үлкен талап қойылады. 

Әншінің әкесі "Айқын" газетіне берген сұхбатында: "Жалпы адамның сана-сезімі уақыт озған сайын жетіліп, дами түседі. Мысалы, 17 жастағы Димаш пен 22 жастағы Димашты салыстыра алмайсың. Жыл өткен сайын көзқарас та, ұстаным да өзгеретіні белгілі. Димаштың да стилін өзгертіп отыруы заңдылық. Ал Қы­тайдағы стиліне келсек, конкурс бойынша жұмыс істейтін арнайы стилистер бар. Олар бізге өзіндік жоба­ларын ұсынады. Ал біз кәсіби мамандармен бірге әлгі костюмдерді байқап көріп, көңілімізге ұнағандарын ғана сахнаға алып шығамыз", - деген еді.

Расында да, стиль өнерпаз үшін керек дүние. Оны үнемі өзгертіп отыру керек екені белгілі. Былайша айтқанда, әнші үнемі ізденіс үстінде болуы тиіс. Бұл жағына келгенде Димашқа сөз жоқ. Ол әртүрлі стильде ән айтып қана қоймай, әртүрлі стильде киінеді. Біз бүгін Димаштың киген киімдерін назарларыңызға ұсынбақпыз. 

Дайындық барысында киген киімдері

Бұл Димаштың ең алғашқы "Singer 2017" сахнасына киіп шыққан киімі еді. Ол бүгінде бәссаудаға қойылып, 7 миллионға сатылды. Әнші байқаудың алғашқы кезеңінде «SOS d'un terrien en détresse» француз әнін шырқап, қазылар алқасы тарапынан ең жоғарғы ұпай жинап, жеңімпаз атанды.

Димаш 2-кезеңде ұйымдастырушылардың ұсынысымен "Опера-2" әнін шырқады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Димаш бұл жолы да 1-орыннан көрінді. Витастан 4 модуляциямен 2 тон жоғары орындады.

3-кезеңде киген киімі. Ол бұл кезеңде Queen тобының "Show most go on" әнін орындап, 3-орын алды.

Димаштың 4-кезеңдегі стилі. Бұл кезеңде гонконгтық мега жұлдыз Jacky Cheung-ның «Күзгі мұң» («Qiu Yi Nong») әнімен үздік үштіктен көрінді.

Димаш 6-кезеңде француз әншісі Лара Фабианның репертуарынан "Адажио" әнін орындап, үздік атанды. 

Димаштың 8-кезеңдегі стилі. Ол жобаның 8-кезеңінде Хан Хонгтың "Таң атты" әнін орындап, 5-орын алды. Жанкүйерлер сөзіне сенсек, әнші сырқаттанып қалғандықтан, өзін жайсыз сезінген. Ауырып тұрса да Димаш сәтті өнер көрсеткен еді.

Байқаудың 9-кезеңі. Ол Селин Дионның "All by myself" әнін орындап, 2-орынды иеленді. 

10-кезең. Димаш 10-кезеңінде үздік үштіктен табылды. Бұл кезеңде әнші Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған "Ұмытылмас күн" әнін қазақ, қытай тілдерінде орындап, байқаудың ақтық сынына жолдама алған болатын.

Жартылай финал барша көрермендердің есінде шығар. Ол бұл кезеңде Адриано Челентаноның "Confessa" және "Бесінші элемент" фильміндегі Дива Плавалагунаның ариясын орындап, таңдандырған еді. 

Әншінің BGTalent (黑金经纪) продюсерлік компаниясы негізін қалаушы Шаң Венжемен бірге Хунань телеарнасы «Singer 2017» ән байқауының финалына арналған шараның қызыл кілемінен жүріп өткен кезде киген киімі. 

MercedesBenz FASHION week кешінде киген киімі.

Байқаудың финалын барлық көрермен асыға күтті. Көптен күткен финалды ол жұбы Лаура Шангпен қосылып, поп-музыка королі Майкл Джексонның "The Way You Make Me Feel", "Erth song" және "Billie Jean" әндерін өте шебер орындады. Ақтық сында Димаш 2-орын алды. 1-орын Санди Лэмге бұйырды. Ал "Арыстан" тобы 3-орыннан көрінді. 

Ж. Жұмағұлов