Қытай жаңалықтар арнасы Димаш туралы

Қытай жаңалықтар арнасы Димаш туралы
Фото: vk.com

Астанаға арнайы келген қытайлық журналист Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесті.

Қытай Халық Республикасы Хунань провинциясының Чанша қаласында биылғы "Singer 2017" жобасына Қазақстан атынан қатысқан дарынды әнші Димаш Құдайбергенов сөз жоқ биік деңгейден көрінді. Қазақ елінен осы додаға қатысқан жас та болса ерекше дарын иесі ғажайып өнер көрсетіп, іріктеу кезеңдерінде алдыңғы орындарды, ал кей реттерде үнемі бірінші орындарды иеленді. Сөйтіп, үнемі жоғары тұғырдан табылып, жұлдызы жанды.

Қазақстан мемлекетінің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әншінің осы жетістігіне байланысты пікірін білдірді. Қытайлық арнаның тілшілеріне берген сұхбатында министр әншінің шеберлігін, ән орындау ерекшелігімен тыңдаушысын тамсандырған дарын иесі екенін тілге тиек етті. Димаш осы өнері арқылы Қазақстан мен Қытайдың мәдени байланыстарына үлкен серпін бере отырып, өнер саласындағы екі елдің ынтымақтастығын алға сүйрейтін ерекше құбылысқа айналды деді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы музыканы ерекше қастерлейтін және сүйетін жан. Қолы қалт еткен кезде, ол фортепианоға отырып, бой сергітеді. Музыка қасиетті! Ол - ұлттар арасындағы байланыстың алтын діңгегі тәрізді. "Димаш секілді тарлан талант Қытай мен Қазақстанның мәдени байланысына керемет қозғау салды. Қытай тілі – ерекше тіл! Ал Қытайдың әнін біздің Димаш қытай тілінде орындаған кезде, біз ерекше шаттандық. Сонымен бірге қатты қобалжығанымыз да рас", - дейді министр берген сұхбатында.

2017 жылы Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық қатынастарына 25 жыл толып отыр. Оның үстіне биыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы. Алдағы маусым айында Астанада халықаралық ЭКСПО көрмесі өтеді. Осы көрмеде музыка мәдениетінің қайталанбас туындылары қойылады деп күтілуде. Министрдің сөзіне қарағанда оның дайындығы соңғы мәресіне жетіп қалды. Димаштың өнері Қытай азаматтарының Қазақстанға келуіне даңғыл жол ашады.

Айта кетейік, Димаш ЭКСПО-да өнер көрсетеді деп күтілуде. Оның хас шеберлігі елдің ЭКСПО-ға деген зор ықыласын туғызады. Екі елдің қатынасы өте тығыз, тереңде жатыр. Әсіресе мәдениет саласында. Ал, Димаш осынау арақатынасқа жан бітіріп отыр.

Ж. Жұмағұлов