Димаштың егізі табылды

Димаштың егізі табылды
Фото: NewsTaraz

Атақты Михайлов театрының сахнасында өнер көрсетіп жүрген танымал балет солисті.

Бұл жігіт – Америкадағы Монтана штатының тумасы. Бүгінде ол Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Михайлов театрының сахнасында өнер көрсетіп жүр. Репертуарында онға жуық қойылым бар. Халықаралық балет конкурстарының лауреаты әрі әлеуметтік желідегі ең тартымды жігіттердің бірі. Сымбаты келіскен театр солисінің түр-әлпетін көпшілік өзіміздің Димаш Құдайбергеновтен аумай қалған деп жүр. Тіпті 19 жастағы жігіттің дене бітімінен, шаш үлгісі мен өзін-өзі ұстауынан жанкүйерлер ұқсастық тапқан. Бұл жайтты Джулиан Маккейдің өзі де мойындап тұр.

“Ия, менің ойымша сыртқы түр-сипатымызда ұқсастық бар сияқты. Бірақ Димашты өзіме толық ұқсайды деп айта алмаймын. Себебі біз түрлі салада қызмет атқарамыз. Сонымен қатар шығармашылық адамдарда өзіндік ұқсастық болатыны рас”, – дейді Джулиан Маккей.

Опера мен балет егіз ұғым екенін ескерген Джулиан Димашпен кездессем “Өнердегі классикалық дәстүрді қалай сақтап қалуға болады?” деген тақырып төңірегінде әңгіме қозғар едім дейді. Ал әзірше оларды мыңдаған шақырымдар ажыратып тұр. Әр қайсысының бөлек арманы, діттеген мақсаты мен жеке тыңдарманы мен көрермені бар.

“Мен Димашпен аз таныспын. Тек фанаттарым арқылы ғана сырттай білемін. Олар маған Димаштың ән байқауында өнер көрсетіп тұрған бейне таспаларын жиі жібереді. Көргенім көңілімнен шықты, өте тамаша деп бағалар едім”, – дейді ол.

Instagram әлеуметтік желісіне дайындықтарын жиі жариялайтын театр солисінің 50 мыңға жуық жазылушысы бар.

Жеке шығармашылығынан бөлек ол өзін сәндік өнерде де сынап, журналдарға шығып жүр. Расымен де Джулиан Димаштың еуропалық сыңары екендігіне сол суреттердің арқасында көз жеткізуге болады.

stan.kz

М. Ақан