Димаш Құдайберген: "Мен қазірдің өзінде жеңімпазбын!"

Димаш Құдайберген: "Мен қазірдің өзінде жеңімпазбын!"
Фото: vk.com

Димаш Құдайберген BGTalent (黑金经纪) продюсерлік компаниясының негізін қалаушы Шаң Венжемен бірге Хунань телеарнасының «Singer 2017» ән байқауының финалына арналған шараның қызыл кілемінен жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арнайы тақтаға қолтаңбасын қалдырғаннан кейін, жүргізушінің финалға дайындығы туралы сұрағанда, "Ассалаумағалейкүм! Баршаларыңызға үлкен рахмет. Осы орайда сіздерге тек алғыс білдіре отырып, сахналық әріптесім өзін мойындата білген әнші екенін жеткізгім келеді. Менімен сахнаны бөлісіп, қолдап, қолұшын бергендеріңіз үшін үлкен рахмет айтқым келеді", - деді Димаш.

NTES News тілшісінің "байқаудан қандай орын алуды қалайсың" деген сұрағына: "Менің ойымша, қандай да нәтиже болмасын, мен қазірдің өзінде жеңімпазбын. Өйткені мені қолдап, әрқашанда демеп жүретін сіздер барсыздар. Сіздер барда мен әрқашан жеңімпазбын", - деп жауап берді Димаш.

Шаң Венже тілшілерге өзінің осы сахнада қаншама өнер көрсетсе де тап қазіргі сәтте қобалжып тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ, ақтық бәсекеде жақсы нәтиже алатынына сенімді екенін айтты.

Еске сала кетейік, "Singer 2017" байқауының ақтық бәсекесін 15 сәуір күні Астана уақытымен 20:00 (жергілікті уақыт 22:00) де тікелей эфирде көрсетеді. Шешуші бәсекеде Димаш Шаң Венжемен бірге Майкл Джексонның "Earth song" және "Dangerous" әндерін шырқайды.

Ж. Жұмағұлов