Димаш пен Қазақстан егіз ұғымға айналды

Димаш пен Қазақстан егіз ұғымға айналды
Фото: vk.com

Бүгінде Димаш Құдайберген есімі ел аузында, қазақ біткен сүйсіне, шаттана, рухтана әңгімелейтін бас­ты кейіпкерге айналды. Димаш өз өнерімен миллиардқа жуық қытай халқына ғана емес, төрткүл дүние­нің өнерсүйер қауымына таңдай қаққызды. "Азияның үздік ән­шісінің" дабылы қарт құрлық түгілі мұхиттың арғы бетіндегі алып елдің жұртына дейін жетті. Жеткені емей немене, Нью-Йорк көшелерінде алаш оғыланының бейнесі менмұндалап тұрса! Қазақтың әншілік қабілетінің құдіретін миллиардқа танытқан Димаштың өміріндегі соңғы өзгерістер туралы білгісі келетіндер көп-ақ. Жанкүйерлер ғана емес, журналист біткен әншінің жолын торуылдап жүр десек артық айтқандық емес. Алайда, әзірге Димаш Құдайбергеннен сұхбат алу мүмкін емес. Сол себепті "Егемен Қазақстан" газеті тілшісінің сауалдарына бұл жолы әншінің менеджері Алпамыс Шаримов жауап береді.

– Димаш неге сұхбат бере алмайды? Уақыты соншалықты тығыз ба? 

– Мәселе уақыттың тығыздығында емес, халық­аралық байқаудың, "Хунан" телеарнасының талабына қатысты. Димаш байқау аяқтал­ғанша сұхбат бере алмайды. Бұл оның келесі кезеңдерге жоғары деңгейде дайындалуына ештеңе кедергі болмауы үшін жасалған. Өйткені, Димаштан сұхбат алғысы келетін журналистердің қарасы қалың, әнші олардың сауалдарына байқау аяқталған соң ғана жауап береді. Әзірге бұл мүмкін емес.

– Димаш шығармашылығын шетелде жалғастыруы мүмкін бе? Сіз қалай ойлайсыз?

– Қазақ елін әлемге танытып, қазақ әндерін әлемдік деңгейге шығару үшін Димашқа алдағы уақытта шетелде еңбек етуге тура келуі де мүмкін. Әзірге нақ­ты ештеңе айта алмаймын.

– Байқаудың аяқталуына да аз уақыт қалды. Димаштың одан кейінгі шығармашылық жоспары туралы не айтасыз?

– Алдағы жоспарымыздың бәрін жария ете алмаймыз. Дегенмен, қазірдің өзінде Димашқа Еуропа, Америка, Азия елдерінің үлкен сахналарында ән салу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Шет мемлекеттердің алып сахналарында Димаштың өнер көрсетуі алдағы уақыттың еншісінде деп айтар едім. Алла қаласа, Димаштың әлемдік турнесі Астана қаласынан басталмақ. 27 маусым күні "Астана Аренада" концерт өтеді деп жоспарлануда. Оған дейін Димаштың ән альбомы жарыққа шығады. Байқаумен қатар, қазір сол кешке де қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл кештің құрметті қонағы болуға әйгілі әнші Лара Фабиан да келісім бергенінен қалың жұртшылық хабардар.

– Финалдың екінші кезе­ңінде әншілер дуэтпен ән салады. Осыған орай жанкүйерлер арасында Димаш Лара Фа­биан­мен бірге ән шырқайды екен деген әңгіме бар...

– Димаш финалдың бірінші кезеңінде италия тілінде ән салып, екінші кезеңіне өтті. Екі ақтық сынның бағалары қосылып, қорытындысы жарияланады. Димаш қытай әншісімен дуэт орындайды. Әзірге оның кім екені белгісіз. Жақын арада оны әлеуметтік желілер арқылы хабарлаймыз.

– Көпшілік Димаштың Дже­ки Чанмен кездесуі туралы әлі тамсана айтады. Сол кездесу туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Джеки Чан – Димаштың сүйікті актері. Қытайдағы кө­мекші қыз Джеки Чаннан хабар келгенін жеткізіп: "Онымен ертең сағат бірде кездесесіздер", деді. Джеки Чан телеарнадан Димаштың ән шырқағанын көріп, онымен Бейжіңде кездескісі келетінін жеткізіпті. Актер­дің бұйымтайын естіген біз сенер-сенбесімізді білмей, қатты қуандық. Есбол атты таныс ағайымыздың көмегімен іле-шала Үрімжіден ұлттық шапан мен домбыра алдырдық. Джеки Чанмен кездесу барысында мен Димаштың бала көңілін, шынайы бейнесін көрдім. Ол шын мәнінде ерекше бір көңіл-күйді бастан кешті. Ал Джеки әлемдік деңгейдегі актер болса да, өте қарапайым екен. Атақты актер Димашқа әлемдік деңгейдегі әнші болуға лайықты екендігін білдіріп, өзінің ақыл-кеңесін берді. Әлемге әйгілі ірі тұлғаның Димашқа ізгі тілегін айтқаны бізді ерекше тебірентті. Джеки Чан Димашқа эксклюзивті күртеше мен әлем бойынша өзінің тек екі жүз досына арнап шығарған эксклюзивті ән тыңдау құрылғысын сыйлады. Екеуі бір-бірімен шығармашылық байланыста болатыны туралы уәделесіп, қол алысты. Бұл Димашқа көрсетілген үлкен құр­мет деп ойлаймын.

– Димаш "Дайдидауды" айтқан күні сахна сыртындағы атмосфера қандай болғанын айта аласыз ба?

– Мен бұл күні Димаштың қалай қобалжығанын, әнді орындап болған соң көзіне жас алғанын айтқан болатынмын. Кейбіреулер соның алдында Димаш нағыз қазақ болса, неге бірінші кезеңнен бастап қазақ тілінде ән салмады деген еді. Димаш қазақты таныту үшін алдымен өзін танытуы керек болды. Ол миллиондаған аудиторияны жаулап алғаннан кейін ғана қазақша ән салды. Бүгінгі таңда бізге Франциядан, Швециядан, Азияның көптеген елдерінен жанкүйерлер «Дайдидауды» айтқан видеоларын жіберіп жатыр. Сол күні Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Айман Мұсаходжаева Димаштың жанды дауыста ән салуына мүмкіндік жасап, Қазақстаннан Димашпен бірге оқитын достарын арнайы жіберді. Қытайға оларды Тұрар Әліпбаев пен Майра Ілиясова бастап келді. Қазақтарды ерекше сағынып жүрген Димаш екеумізге бұл үлкен демеу, рух берер қолдау болды. Димаш сол күні "Адай" күйі арқылы қазақтың күй өнерінің құдіретін де паш етті. Жанкүйерлер қалай қабылдағанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Бар­лығы орындарынан тұрып қол соққаны баршамызды айрықша толқытты.

– Қытайдың Қазақстандағы елшісі Димаш арқылы Қытай Қазақстанды кеңінен танып жатыр деді. Оқиға ортасында жүрген адам ретінде не айтар едіңіз?

– Елшінің пікірімен толықтай келісемін. Қазірдің өзінде «Хунан» телеарнасында қазақша білетін алты аудармашы бар. Бізді қазақ аудармашысымен қарсы алады. Сондықтан Димаш қытай жұртына қазақ тілін де, қазақтың болмысын да жан-жақты танытып жатыр деп нық сеніммен айта аламын. «Хунан» телеарнасы – Хунан провинциясынан тарағанымен, бүкіл Қытайды жүз пайыз қамтитын ауқымды телеарна. Ал I am a singer – бұл арнадағы ең рейтингі жоғары жобалардың бірі. Осы жоба Димашты Қытай еліне танытса, өз кезегінде Димаш та аталған байқауды шетелдерге танытты деуге болады. Себебі, ол ағылшын, орыс, француз, итальян тілдерінде әндер шырқады. Аталған тілдерде ән тыңдайтындардың қарасын есептей беріңіз. Байқаудың танымал болуына қосылған бұл да бір үлкен үлес.  Қытайда бүгін Димаш пен Қазақстан қазір егіз ұғымға айналды. Мен мұны өз көзіммен күн сайын көріп жүрмін. Қазақстаннан екенімді айтсам, жұрт сендерде Димаш деген әнші бар ғой дейді. Димашты қазір Қытайдың тоқсан пайызы біледі десем, өтірік болмас. 

– Димаш қазақша ән орын­даған соң, қытайлық жанкүйерлердің қазақтың ою-өрнегі мен домбырасына деген қызығушылықтары арта түсті дегені қаншалықты шындыққа сая­ды?

– Рас. Жанкүйерлері Димаш сахнаға киіп шыққан киімді кигісі, оның қолындағы заттарды ұстағысы келеді. Димаш "Дайдидауды" айт­қандағы киімі де ерекше танымал болды. Ол өте сәтті об­разға айналды. Киімді Айман Мұсаходжаеваның ықпалымен Қазақ ұлттық өнер академиясы тігіншілері тігіп берген еді. Жа­қында Қытайда Димаштың бейнесімен компьютерлік ойындар шыға бастайды. Онда да Димаш көрермендерімен «Дайди­дауды» салған бейнесімен жүздеседі. Қазір Қытайда қазақтың домбырасына ғана емес, барлық ұлттық аспаптарына деген айрықша қызығушылық байқалады. Жанкүйерлер оларды зерттеп, қытай тіліне аударып, жариялап жатыр. Еуропадан да журналистер арнайы хабарласып, сұрастырғандар болды.

– Қытай басылымдары Димаш қатысқан жарнамалық шараның көрсетілімі рекорд жасады деп жазыпты. Ол қан­дай шараға қатысқан еді?

– Димаш қазір көптеген брендтермен жұмыс жасауда. Шанхайда Димаш қатысқан Swiss пен Ferrari компаниялары ұйымдастырған шараны тікелей эфирден 54 миллионнан аса адам тамашалапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл олардың тарихындағы рекордтық көрсеткіш екен. Осы шара барысында Ди­машқа "Сүйікті кітабың қандай?" деген сұрақ қойылды. Димаш "Абай жолы" туралы айтып берді. Содан кейін «Абай жолының» қытай тіліндегі нұсқасының сатылымы да күрт артты. Жанкүйерлер "Димаш оқыған кітапты біз де оқуымыз керек" деп жазып жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан" газеті

Ж. Жұмағұлов