Үш ішекті домбыра

Үш ішекті домбыра
Фото: автор

ХХ ғасырдан орта тұсынан бастап қазақтың дәстүрлі музыкасы кеңінен зерттелді. Деректер ғылыми жолға салынып, әртүрлі еңбектер жазыла бастады. Оның ішінде ертеректе өмір сүрген күйшілерге биографиялық зерттеулер, күйлеріне талдаулар жүргізілді. Алайда бұл зерттеулер негізінен тек екі ішекті домбыра аясында ғана шектелген еді. Өткен ғасырдың орта тұсына дейін дейін еліміздің шығыс өңірінің халық тұрмысында кеңінен қолданып, әнші мен күйшілері шерткен, арнайы сол аспапқа шығарылған күйлері болған үш ішекті домбыра жайлы мәліметті көп кездестіре алмаймыз. Бүгінгі мақала осы олқылықтың орнын толтыру үшін арналған.

Алдыменен аспаптың тарихы мен таралу аймағына тоқталып өтейік. Бүгінгі күнгі көзқараспен аспаптардың таралу географиясы жайлы нақты айту қиын. Әртүрлі этногенездік процестерден құралып, көшпелілік өмірді негізге алған қазақ халқының тұрмысын зерттеу оңай емес. Бірақ үш ішекті домбыраның таралуы аймағын білу мақсатында жүргізілген зерттеу барысында табылған этнографиялық және тарихи мәліметтерге сәйкес аталмыш аспап қазақ жерінің барлық аймақтарында қолданылды деген тұжырымға келуге болады. Егер бір аймақта кеңінен қолданса, басқа аймақта ұмылып кеткен. Тек сол өңірде ертеректе зерттеген этнограф-тарихшылардың ғана мәліметтерінен біле аламыз. Қазақ жерінде үш ішекті домбыраның таралуы аймағын таныстыру ретін біз дерек көздердің уақытына байланысты жүргіземіз.

Үш ішекті домбыра жайлы кездескен ең ертерек мәлімет көзі қазіргі Батыс Қазақстан облысының жеріне тиесілі. Б. Сарыбаев өз еңбегінде келесі ақпарат береді: «Трехструнные домбры встречались и на территории современной Уральской области. В 1857 году этнограф Д. Исаев, побывавший у казахов Букеевской орды, упоминает о трехструнной домбре. Различные вседения о ней также собрали этнографы А. Евреинов, А. Харузин, П. Юдин» [Сарыбаев Б. «Казахские музыкальные инструменты», 26-бет].

Қазақ жерінің Оңтүстік аймақтарында да үш ішекті домбыра кездескені жайлы сеніммен айта аламыз. 2013 жылы арнайы Оңтүстік Қазақстан облысына экспедициялық жұмыстар болды. Бірқатар өнерпаздар мен өлкетанушылардан арнайы сұрастыру жұмыстары жүргізіліп, деректер табылды. Атап айтар болсақ, шежіреші Сейтомар ақсақалмен жеке сұхбаттасу барысында келесі мәлімет жазылып алынды: «Қайыпназар деген азамат «Тандырбап» атты күйді қырғыздың кішкентай домбырасы емес, үш ішекті қазақтың домбырасымен тартса жақсы болар еді деп айтқан» деген мәлімет берді [Сұхбаттың аудио жазбасы жеке мұрағатта сақтаулы]. Бұл деректі негізсіз деп айта алмаймыз. Өйткені Болат Сарыбаевтың еңбектерінде де аспаптың осы аймақта таралуы жайлы ақпарат кездеседі: «В 1930-годы в Бостандыкском и Жогырышыршыкском районе Чимкентской области еще были живы исполнители на шертере. Среди них особенно отличались виртуозной игрой Ашир и Заркум. Об этом сообщает писатель Рахматулла Раимкулов, который в юности слышал күй «Тандырбап», исполнявший на шертере» [Сарыбаев Б. «Казахские музыкальные инструменты», 94-бет].

Сондай-ақ күйші-зерттеуші Базаралы Мүптекеевпен (1967-2015) сұхбаттасу барысында белгілі болған Жетісу күйшілік мектебінің өкілі Қожекенің баласы Рақыш та үш ішекті домбыра шерткен.

Бүгінгі күнге тек жазба дерекпен ғана емес, нақты аспаптары мен күйлері сақталып, үш ішекті домбыраны тартудың дәстүрлі аймағына айналған қазіргі Шығыс Қазақстан облысы: «Үш ішекті, кейде шанағының ішіне қосымша ішектері тағы бар, көне домбыралар Семей облысының Абай, Шұбартау және Жаңа Семей аудандарында жиі кездеседі. Семей облысында үш ішекті домбыра тартудың тамаша шеберлері көп болған..» [Сарыбаев Б. «Қазақтың музыкалық аспаптары», 119-бет].

Болат Сарыбаевтың жазбасынан бөлек, ертеде бұл аймақта үш ішекті домбырада тарту дәстүрі болғанын көрсететін Еркеғали Рахмадиевтың мына естелігі бар: «При очередной экспедиции в Восточный Казахстан, летом 1958 года, Еркегали Рахмадиевич уже целенаправленно стал искать трехструнную домбыру... В разговорах старики упоминали о терхструнной домбыре, но сама домбыра не находилась. И вот удача в одном из горных селениий Маркаколского района! Нашелся человек не только имеющий трехструнную домбыру, но и играющий на ней кюи. Причем он исполнял и несколько кюев Байжигита» [Сүлейменова М. «Рахмадиев», 101-бет].

Қазақстанның Шығыс өңірінде үш ішекті домбыра жайлы дерек «Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабынан кездестіреміз. Ол Құлыншақ күйшінің домбырасы. Ақселеу Сейдімбектің дерегіне қарағанда Құлыншақ ШҚО-ның Шұбартау елінде өмір сүрген [Сейдімбек А. «Қазақтың күй өнері», 808-бет].

1997 жылына дейін Семей облысы бөлек аймақ болып есептелді. ХІХ ғасырда бұл жер Семей губерниясы болып есептелді. Құрамына қазіргі Павлодар облысы, Орталық Қазақстанның Қарқаралы аймағы кірді. Осы тарихи-географиялық бөлінуі ескерсек, үш ішекті домбыра қазіргі Орталық Қазақстанда да кездесуі ықтимал деуге болады. Бұл сөзге келесі цитата дәлел: «Ертедегі өнерпаздар арасында қолданыста болған бұл (үш ішекті домбыра ­) домбыра негізінен Шығыс және Орталық Қазақстан өңірлерінде дамыған» [Сүлейменова М. «Рахмадиев», 116-бет].

 Енді үш ішекті аспаптың қазақ даласында пайда болуы жайына келейік. Ел арасында үш ішекті домбыраны арнайы Абайдың өтінішімен Мұқа жасаған деген деректерді кездестіруге болады. Абай өз ақын шәкірттеріне бір-бір тапсырмадан  бергенін білеміз. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр», Көкбай Жанатайұлының «Сабалақ» поэмалары осылайша дүниеге келген. Сол сияқты Абай Мұқаға «домбыраға үшінші ішекті тағып көрші, қалай болатынын көрейік» деп тапсырма беріпті. Кейіннен Абай бұл аспапты мақұлдап, жақындары үш ішекті домбыра тартуға көшіпті.

Абай өтініші бойынша Мұқаның үш ішекті домбыраны жасағандығы жөнінде нақтылы (факт) түрде сол кездегі газет бетінде жарияланған деректер табылса, бұл орайда Абайдың ертеректе ел ішіне таралған, түрлі уақыт себептеріне байланысты пайдаланылудан қалған үш ішекті домбыраны қайта жаңғыртуға өз үлесін қосты деп толық сеніммен айта аламыз. Өйткені қазақтың көне музыкалық аспаптарын зерттеуші, ғалым Болат Сарыбаев өз еңбегінде, «бұл көнеден келе жатқан аспап түрі» деп атап өтуі, үш ішекті домбыраның базғы заманнан бізге жеткен Түрік халықтарының ортақ жәдігер екенін көруге болады. Жалпы, үш ішекті аспаптар Алтай тауының айналасында мекен еткен барлық халықтың музыкалық мәдениетінде кездесетінін атап кеткен жөн.

Осы уақытқа дейін үш ішекті домбырада тартқан күйшілердің негізінен тек есімдері ғана жеткен. Әртүрлі деректерді саралау кезінде аталмыш аспапта қолданған күйшілердің есімдері белгілі болды.. Атап айтсақ: Абай Құнанбайұлы, Ақылбай Абайұлы, Әлмағамбет Қапсәләмұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Исрайыл Ақылбайұлы, Шабдан Әлмағамбетов, Нұрғали Қадырбекұлы, Байтөлеу Нұрғалиұлы, Тайтөлеу Қадырбекұлы, Ысқақ Ермекбаев сынды өнерпаздар үш ішекті домбыра күй тартып, ән сүйемелдеп жүрген. Бірақ аты аталған күйшілердің өнері жайында мәлемет табылмады. Бұл кемшіліктің себептері сол заманда жүргізілмеген зерттеулерге байланысты деп есептейміз. Мұрағаттық жазбалар және арнайы музыкатанулық ізденістер болмады. Дегенмен халық арасында аты шығып, үш ішекті домбыраны насихаттауға өз үлесін қосқан, әрі күй тартуында аудиожазбалар сақталған үш күйші туралы арнайы тоқталып кетпекшіміз.

      Мұсахан Әзілханов (1897-1978 жж.) – қазақ музыкатану ғылымына белгісіз болып келген күйші. Өнерпаздың өмірі мен шығармашылы дәл қиын кезеңге түсті. Алдымен болыс болып билік айтқан, кейін саясаттың кесірінен шекара асып Қытайды паналаған. Ол жақта мектеп мұғалімі болып, халықтың сауатын ашып жүрген. Кейін туған елге оралып,  өз елінде қызмет жасаған. Көшіп – қонып жүрсе де қолындағы үш ішекті домбырасын тастамай, бүгінгі күнге ертедегі күйлерді жеткізе білуі ерлік деп санаймыз. Күйшінің шерткен күйлері Семей қаласындағы Абай қорық-мұражайында аудиожазба түрінде сақталған.

Шәкір Әбенов (1901-1994 жж.) – бүгінгі күнде дейін тек абыз ақын, әнші-композитор ретінде ғана белгілі болды. Бірақ өнерпаз бойына ақындық, әншілік, күйшілік, аңшылық, ұсталықты сыйдыра білге бірегейлік тұлға. Бұл дәстүрлі қоғамдағы күйшіге ортаға тән құбылыс. Өзінің саяси көзқарасымен, өткір тілді ақындығы үшін көптеген қиыншылықты көрген. Күйшінің өмірі оңай болған жоқ. ХХ ғасырдағы нәубет кездерден (ашаршылық, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс) бастап Қазақстанның тәуелсіздік алған қуанышты кезіне дейін басынан өткізді. Аталған барлық оқиғалар күйшінің өнеріне өз әсерін тигізгені анық. Өнерпаздың күйлері Семей қаласындағы Абай қорық-мұражайында ленталы жазба түрінде сақталған.

Жарқын Шәкәрім (1947 жылы туған) – біздің заманымызда үш ішекті домбыра насихаттап жүрген жалғыз күйші. Ол өнердің үш түрлі бағытын ұстай білген. Біріншіден – музыка зерттеушісі болып халыққа танылды. Қазақ өнеріне қатысты, әсіресе үш ішекті домбыра жайлы ел аузынан мәлімет жинап, ұмыт болған күйлерді қайта жаңғыртты. Екіншісіден – күйшілік бағытты да қатар алып жүруі. Табылған күйлерді тек зерттеп қана қоймай, орындап, сахнадан тартып та жүрді. Үшіншіден – композитор ретінде жаңаша стилдегі күйлерді дүниеге әкелді. Өз жанынан ондаған күй шығарып, күйшілік репертуарды көбейте түсті. Барлық күйлері Қазақ радионың Алтын қорында сақталған.

Үш ішекті домбыра қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетінде өзіндік орны бар жәдігер. Ұлы Абайдың өзі қолданған аспап бүгінге тиісті дәрежесінде насихатталу керек. Болашақта мақала барысында келтірілген деректерді және де жаңа табылған мәліметтерді саралай келе үш ішекті домбыраның қазақ халқы үшін өзіндік орнын айқындап алу керек. Сонда ата-бабалар алдындағы парызды өтей алғандай боламыз.

P.S. Бүгінгі таңда үш ішекті домбыра туралы көп әңгіме айтылып жүр. «Қазақта мұндай музыкалық аспап болмаған», «ойдан шығарылған» дегендей пікір бар. Бұл мақала барысында барлық пікірді теріске шығардық деп ойлаймыз. 

Рүстем Нүркенов

Н. Айдархан