Исаак Реал: Жаныма жақыны – Шымкент

Исаак Реал: Жаныма жақыны – Шымкент
Фото: massaget.kz

Бүгінгі таңда қазақ әндерінің көпшілігін жаңа бағытта, жаңа леппен латын-америкалық үлгіде шетел азаматтарының айтып жүргенін естіп те, кей тойлардан көріп те жүрміз. Сондай нақышқа келтіріп орындаушылардың бірі – Исаак Реал. Кубадан келген әнші Ақылбек Жеменейдің "Қызыл өрік" әнін о баста жай ғана кавер ретінде орындаушы болса, бүгінгі таңда қазақ әншісімен келісе отырып, жаңаша үлгіде орындап қана қоймай, сондай-ақ клип те түсіріп үлгерді. Қазақ әндерінің өзге мемлекет азаматтарын қызықтыруы әрине жақсы құбылыс. Осы орайда жаңа әннің орындаушыларымен сұхбаттасқанбыз. Ендеше, Исаакпен болған сұхбатты оқи отырыңыздар.

Журналист: Сәлеметсіз бе?!  Қазақ эстрадасында нақышты, сазы келіскен әндер өте  көп. Не үшін "Қызыл өрікті" таңдадыңыз?

Исаак: Сәлем! Менің шығармашылықпен айналысқаныма біраз болды. Өзімнің жеке әндерім де бар. Қазақ әншілерінен Ақылбек Жеменейдің ән айту шеберлігі, ән таңдаудағы талғамы менің көңілімнен шығады. Әндері көңілді, менің болмысыммен үндеседі. Сол себепті де, Ақылбекке өзім хабарласып, екеуміз ортақ келісімге келе отырып, репертуарындағы "Қызыл өрік" әнін сәл латын-америкалық бағытқа келтіріп орындап шықтық. Жақында клипі де шыққан. Сіздерге ұнайды деген үміттемін.

Журналист: Алдағы уақытта өзге де қазақ әншілерімен немесе қазақ әндерімен жұмыс жасау ойда бар ма?

Исаак: Әрине! Мен жай ғана Қазақстанға келіп-кетіп жүрген қонақ емеспін. Осы мемлекетте өмір сүремін. Тұрғылықты жерім де осында. Сондықтан, шығармашылық мансабымды да осы мекенде қалыптастырып, жалғастырғым келеді. Оған қоса, болашақта Ақылбектің "Қызыл өріктен" басқа да әндерімен жұмыс жасау ойда бар.

Журналист: Қазақ тілінде ән айту қиындық туғызып жатқан жоқ па?

Исаак: Иә, бастапқыда қиындықтың болғаны рас. Оның үстіне, қазақ тіліндегі көп дыбыстар испан тілінде мүлдем кездеспейді. Дегенмен, тәжірибенің, талпыныс пен еңбектің арқасында бәрі реттеліп келеді. Бір байқағаным, Қазақстандағы қоғам арасында орыс тілінің де маңызы зор. Менің араластын ортамның көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Өзге де қоғамдық орындарда орыс тілі сұранысқа ие. Сол үшін де, қазақ тілінен бұрын орыс тіліне тезірек жаттығып келе жатырмын. Алайда, қазақ  тілін болашақта міндетті түрде меңгеріп аламын деген ойдамын.

Журналист: Көп жерді аралап жүрсіздер. Қазақстанның қай өңірі жаныңызға жақын?

Исаак: Бағыма орай, Қазақстанның біраз қалаларын аралау бұйырды. Мен үшін барлық жер бірдей. Батыс болсын, шығыс болсын күліп қарсы алып, жақсы құрмет көрсетіп жатады. Алайда, айта кету керек, жаныма жақыны – Шымкент. Себебі, ол жердегі халықтың бітім-болмысы кубалықтарға ұқсайды. Адамдары ашық-жарқын, өте қонақжай. Шымкентте жүргенде өзімді үйде жүргендей сезінемін.

Журналист: Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Исаак: Көп уақытымды осы музыкаға арнаймын. Бірге қыдырып, сырласатын достарым өте көп. Десе де, уақытымның 99 пайызы осы музыкамен өтеді. Музыка хоббиім әрі сүйікті жұмысым десе де болады. Арасында домино ойнағанды да жақсы көремін.

Журналист: Сұхбатыңызға көп-көп рақмет!

Ә. Жутаева