Әдемі ән әдемі айтылуы керек

Әдемі ән әдемі айтылуы керек
Фото: www.wallsbox.ru

Басылымдар беттерінен "Әжептәуір ән еді..." деген тақырыппен берілген бірнеше мақалаға көзім түсті. "Егемен Қазақстан" газетінде басылған /05.02.2002 ж./ Оңайгүл Тұржанның да "Ән қайда шөл көңілді көл еткендей?" деп аталатын мақаласы да сол жаңағы мақалалармен сабақтас. Қай-қайсы да менің жан дүниемді жайбарақат қалдырмады.

Неге біздің замандастырымыз ажылдаған-бажылдаған ана жақтың, мына жақтың әндеріне әуес? Ең болмаса, әуені былай тұрсын, сөзіне түсінеміз бе? Өзімізде тамаша әндер аз ба? "Ән қайда шөл көңілді көл еткендей" демекші, жас жаныңды көл еткің келе ме, әлде, сағынышқа шым батқың келе ме, әлде балалық күніңді, ата-анаңды аңсап жылағың келе ме, туған топырақтың қасиетін сезінгің келе ме – қандай әнді қалайсыз? Қаншасы керек?

Ән дегенде, тағы бір айтпағым, біздің әншілеріміз ән таңдай білмейтін сияқты. Ғарифолла атамыз салатын әндерді Жүсіпбек Елебеков атамыз салмайды ғой. Дауысына келсін-келмесін халықтың алдына шығып алып, ауызды ашып-жауып бақырғанның не жөні бар? Ер адамдар салатын халық әндерін кейде әйел адамдар айтады. Бұл дұрыс па?

Ән. Ән! Сахнаға ашық-шашық киініп шығып, бет-ауыздарын баттастырып бояп, бөкселерімен ыңғайсыз қимылдар жасап, қазақ әндерін тіпті мазаққа айналдырып жүргендер де көбейіп барады. Ұлтымыздың рухани асыл құндылықтарын мазақ қылып жүрген сол әлгіндейлерге заң неге тыйым салмайды. Соған қайранмын.

Кішкентай кезімізден құлағымыз үйренген "Қара бауыр қасқалдақ" деп аталатын мұңды, ойлы әнді шыңғырып айтып, екі иықтарын жұлып жеп, қазақтың бір әншісымақ қыздары әбден берекетін алды. Айта берсек, мұндай мысалдлар қаншама. Қай әнді қалай, қай жерде орындау керек екенін осы продюсерлер неге ескермейді екен?

Біздіңше, әдемі ән әдемі айтылуы керек!

Жазира Көпбаева

@. @assel_assanova