Асқар Жұмаділдаев: The Spirit оf Tengri фестивалінде бабаларымыздың үні естіледі

Асқар Жұмаділдаев: The Spirit оf Tengri фестивалінде  бабаларымыздың үні естіледі
Фото: massagetkz

Алматыда The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі өз жалғасын табуда. Ашық аспан астында өтіп жатқан фестивальде мыңдаған көрермен жиналып, өз әсерлерімен бөлісті. Олардың ішінде белгілі қазақстандық ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев та бар екен. Көрнекті ғалым фестивальге осымен үшінші мәрте келіп отыр. 

Асқар Жұмаділдаев: "The Spirit of Tengri − керемет фестиваль. Мен өзім негізі ешқайда бармаймын. Баратын жалғыз концертім осы, ол - The Spirit of Tengri фестивалі. Өйткені фестиваль кезінде біздің бабаларымыздың үні естіледі және оны біздің қатысушылар заманымызға қарай ұштастырады. Маған Бурятия мен Моңғолиядан келген әншілердің тамақпен айтатындары қатты ұнайды". 

Естеріңізге сала кетейік, фестиваль open-air үлгісінде Республика Сарайы алдындағы Абай алаңда өтіп жатыр.

Жобаны ұлттық Tengri FM радиостанциясы ұйымдастырды. Шара Алматы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп, Алматы қаласының 1000 жылдығына арналады. Екі күндік фестивальді Tengri FM радиостанциясы мен бас серіктесі Kaspi bank ұйымдастырып отыр.

Биыл фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатысып жатыр. Олардың ішінде: Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тува), DJ Rizzo (АҚШ), "Аргымак" (Башқұрстан), Екатерина Ямщикова (Башқұрстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) и Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары.

С. Ерсін