Өнербаевтың ұлдары әкесінің жолын қумақшы

Өнербаевтың ұлдары әкесінің жолын қумақшы
Фото: zhasorken.kz

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, танымал әнші Нұрлан Өнербаевтың қос ұлы бүгінде әкесімен бірге гастрольдік сапарға шығып, елдің ақ батасын алып жүр. Белгілі әнші кіші ұлының болашақта кәсіби музыка маманы болатынын айтады. 

Халыққа кеңінен таралған «Қарағым-ай», «Анашым», «Бауырды сағыну», «Ауылым» сияқты әндердің орындаушысы қазіргі таңда республиканың барлық аймақтарын аралап, жер-жердегі өзінің тыңдармандарымен жүздесіп жүр. Биыл үлкен сахнада жүргеніне 37 жыл толған өнер иесінің бұл ән сапарының басты ерекшелігі —  балаларының қатысуы болып отыр. Өңірлердегі концерттерде Өнербаевтың үлкен ұлы Мақсат ән айтса, ал кенжесі Марғұлан күйсандықта ойнайды. 

— Иә, ұлдарым Мақсат пен Марғұланды мен өзіммен бірге тегіннен-тегін ертіп жүргенім жоқ. Үлкен ұлымның кішкентайынан көргені — концерт, қайда барсам да соңымнан қалмайтын. Бір түсінгенім, өнерге ес-түссіз ғашық адам одан бәрібір алыстай алмайды екен. Сөйтіп, қазір үлкен азамат болса да, әнге деген әуестігінің басылмағанын байқап, өзіммен бірге ертіп жүрмін. Ал Марғұланым — Астанадағы өнер университетінің 3-курс студенті, болашақта музыканың кәнігі маманы болғалы тұр. Күйсандықта жақсы ойнайды. Қазақтың аяулы қызы Ғазиза Жұбанованың перзенті — Дина Мәмбетованың шәкірті, — дейді Н.Өнербаев. 

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен өзінің 55 жылдығына орай көрермендеріне есеп беріп жүрген әнші қазіргі таңда еш жерде жұмыс істемейтінін, мемлекеттік қызметтен қол үзгенін тілге тиек етті. «Басқасын айтпағанда, мен бір жылдары радиода да, телеарнада да, тіпті музыка мектебінде де қызмет еттім. Ол жерлерде қарапайым дикторлықтан бастап, актер де, директор да болдым. Тек қана жеке әншілікпен айналысқаным да бар. Бір сөзбен айтқанда, мен — шығармашылық адамымын. Сол себепті, өнерімді бәрінен де жоғары қоямын. Қазірде тек осының жолында ғана неліктен жүргенім әлгіндей сөздерімнен кейін түсінікті болар» деп сыр бөліседі ол. 

Күзге салым Алматыдағы Республика сарайында үлкен есеп беру кешін өткізгелі отырған Нұрлан Өнербаев шығармашылыққа шындап кіріскенін айтып, жаңа әндерді жаздыртып жатқанын және қосты.

Дереккөз: baistars.kz

Ө. Сансызбай