Қазақстандық музыкант "Минута славы" шоуында өнер көрсетті

Қазақстандық музыкант "Минута славы" шоуында өнер көрсетті

Қазақстандық пианист Олег Переверзев ресейлік "Минута славы" телешоуында абыроймен өнер көрсетіп шықты. Бұл туралы музыканттың администраторы Арман Бояубаев айтып берді.

"Менің мақсатым классикалық музыканы барынша насихаттау. Және өзімнің бүгінгі көрінісімді Ангелина Вовкқа арнаймын", - деді әнші сахнаға шығып келе жатып. Ресейлік тыңдармандар Переверзевты ілтипатпен қарсы алды.

"Олег сахналық көріністің идеясын өзі ойлап тапты. Біз тек көмек көрсеттік. Синтезаторда ойнаудың 5 нұсқасын дайындады. Айтпақшы, ол бірден 2 синтезаторда ойнады. Осылайша бірнеше танымал шығармаларды араластырып, микс жасап шықты", - деп сұхбат берді Бояубаев. Переверзев қатысқан бағдарлама Бірінші арнадан күзде көрсетілетін болады.

Естеріңізге сала кетелік, Олег көпшілік арасында YouTube сайтына салған видео роликтерінен кейін танымалдылыққа ие болды. Роликтерде пианист классикалық шығармаларды стандартты емес позада орындап шыққан. Мәселен, бір бейнебаянда Олег Римский-Корсаковтың  “Араның ызыңы” (Полет шмеля) шығармасын бір уақытта екі түрлі аспапта орындап шығады. Тағы бір роликте Переверзев Ференц Листтің “№ 2 Венгр рапсодиясын” артқа қарап отырып ойнайды.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: tengrinews.kz