Баян Есентаева қол астындағы Жарқынай Ханайымды қорғап шықты

Баян Есентаева қол астындағы Жарқынай Ханайымды қорғап шықты
Фото: baistars.kz

Продюсер Баян Есентаева қол астындағы Жарқынай Ханайым есімді жаңа әншіні таныстырды. Жарқынай Шалқарова Шымкент қаласының тумасы. "Жанды дауыс" жобасына қатысуы кезінде продюсер көзіне түскен. Әншінің "Махаббатым" атты әніне тұңғыш бейнебаяны шығуына орай продюсер өнер адамдарының басын қосып, тұсаукесер жасады.

Көпшілік әншінің дебютінен тың дүние, жаңалық күтті. Оған дейін бірқатар БАҚ "Есентаева Жанарды басып озатын әншіні дайындап жатыр" деп жарияға жар салған болатын. Алайда Жарқынай Шалқарованың дебюті ұқсастықтар жайлы көптеген әңгімелерге түрткі болды. Атап айтқанда, әншінің түрін Баян Есентаеваның сіңлісі Бағым Мұхитденоваға ұқсатса, тұңғыш бейнебаянын Ресей әншісі Валерияның қызы Анна Шульгинаның "Ножевая" әніне түсірілген бейнебаянының эпизодтарына ұқсатты. Ал әуені Мехмет Джемал Ешилчайдың "Secret garden" туындысының көшірмесі болып шықты.

Дегенмен Баян Есентаева осы тектес сындарға еті әбден үйренгенін меңзеп, шәкіртін де дайын болуға шақырды. "Дағдарыс – нағыз өнерлілерді шығаратын уақыт. Біз үш ноталы әндерден әбден жалығып, екі октаваны сағындық! Өзіңе бекем бол, әлі талай сын айтылып, көп адам мойындамайды, тас лақтырады… Тек жүректен шыққан ән ғана тыңдарманның құлағына жетеді. Бұған біздің табандылығымыз бен сеніміміз көмектеседі!" – деп Жарқынай Шалқарованы үлкен өнер әлеміне қадам басуымен құттықтаған продюсер бүгін плагиат жайлы әңгімелерге түсінік берді. "Достар! "Махаббатым" атты жаңа әнімізге қатысты кішігірім ақпарат. Бұл норвегиялық композитор Рольф Ловландтың скрипкалық туындысы, біз әлемдік классиканы ән жанрында ұсындық!" - деп жазды Баян Есентаева.

Дереккөз: baistars.kz

Н. Үсенова