Классикалық музыка кеші көпшілік көңілінен шықты

Классикалық музыка кеші көпшілік көңілінен шықты
Фото: ult.kz

Құрманғазы атындағы оркестр ғимаратында ел тәуелсіздігінің 25 жылығына орай ерекше бір кеш өтті. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Арман Жүдебаевтың концерттік кешіне көрермен көп жиналды.

«Классикалық музыка кеші» француз композиторы Шарль Гуноның «Вальпургиев түні» шығармасымен ашылды. Оркестрдің бас дирижеры Арман Жүдебаев жетекшілігімен П.Чайковскийдің «Итальяндық каприччио», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз», Ф.Листтің «Венгерлік расподия 2», А.Вивальдидің «Қыс», және т.б. туындылар орындалды.

Сондай-ақ орыс композиторы Михаил Глинканың «Вальс-фантазиясы» да тыңдарман назарына ұсынылды. Шығарманы оркестрге өңдеген КСРО Халық әртісі, оркестрді 40 жыл басқарған дирижер Шамғон Қажығалиев болатын.

Биыл Тәуелсіздік тойымен қатар осы оркестрдің негізін қалаушы, академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туғанына – 110 жыл. Ахмет Жұбанов қазақ халқының кәсіби музыкасының негізін қалаған ірі тұлға. Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді және қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Оның ұлттық оркестр құруы – ХХ ғасырдағы қазақ музыка мәдениеті  ұғымында мәні бар рухани құбылысқа айналды. Ахмет Жұбановтың еңбегінің арқасында қазақ музыка мәдениетінде әлем классиктерінің шығармалары орындалып келеді.

ХХ-ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақтың композиторларының шығармаларымен қатар қазақтың классикалық күйлері оркестрге профессионалдық деңгейде өңделіп, түсіріле бастады. Соның нәтижесінде, өңделіп түсірілген күйлер өз алдына жеке жанр ретінде халық аспаптар оркестрінің концерттік репертуарының негізіне айналып отыр. Соның ішінде шоқтығы биік, философиялық маңызы бар – Дәулеткерейдің «Жігер» күйі.

Дәулеткерей Шығайұлы — «төре күйлері», «төре тартыс» деген атауларға өзіндік із салып, өзгеше дәстүрді қалыптастырған ұлы күйші-композитор. «Жігер» күйі жайлы Ахмет Жұбанов: «Бұл күйде босана алмай, булығып жатқан алапат күш, жалыны мол жігер бар. Сірә, күйші іште тұнған наразылық сезімін, нар тәуекел деп бірден ашып тастамай, қабақпен, ыммен шымырлата жеткізген тәрізді», — деп жазған.

Ал музыка зерттеушісі Александр Затаевич: «Егер біз жігер дегенді күш-қуат деп түсінсек, күйдің өн бойында тасып-төгіліп, кемерінен асып бара жатқан ештеңе жоқ. Оның орнына сырт көзге жай қалыптағы жігер суреті бар, яғни мұнда тақсірет көрген ержүрек жанньң сабырлы да салмақты, салиқалы тебіреніс-толғанысы шаң береді», — деген екен.

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Шығайұлының бұл шығармасын нақышына келтіре орындады.

Одан кейін Республикалық конкурстардың лауреаты Әсел Рақымжан А.Вивальдидің «Қыс» атты шығармасын тарту етсе, «Құрмет» грамотасының иегері Талғат Полатов пен Республикалық конкурстардың лауреаты Ритта Оразғалиеваның орындауында Ришар Гальяно туындысы көпшілік көңілінен шықты.

«Қазақстан дауысы» жобасының финалисті Мақсат Мақұлбеков Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» әнімен, Эдуардо Ди Капуаның «О, Sole mia» атты әнін әуелете шырқады.

Кеш әдеттегідей Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен аяқталды.

Ұлт-ақпарат

Ө. Сансызбай