Өткен жылға өкпесі жоқ әншілер

Өткен жылға өкпесі жоқ әншілер
Фото: www.xmusic.kz

Қой жылы да аяқталғалы жатыр. Ал әншілер келе жатқан мешін жылына  дайындықтарын  бастап та қойған. Көпшілігі өткен жылға өкпелері жоқ екенін де айтып жатыр. Назарларыңызға  қалың көрерменге биылғы жылдың несімен есте қалғанын баяндаған  әншілердің жаңалықтарын ұсынамыз.

Халықтың сүйікті тобы, әншісі «МузАрт»  жаңа жыл күні ешқандай тапсырысты қабылдамайды екен. Жаңа жылды отбасымен қарсы алып, бір-бірін құттықтайтындарын айтып жатыр.

Сәкен Майғазиев: Өткен жылға ешқандай өкпем жоқ. Аллаға сансыз шүкірліктер айтамыз. Өткен жыл менің есімде өзімнің жеке есеп беру концертіммен қалды. Сонымен қатар, «МузАРТ» тобының ән қоржынына енген жаңа бірнеше әндермен қатар жаңа бейнебаянымыз халыққа жол тартты. Шығармашылық табыстармен, көбеюлермен тек қана жетістіктермен Алла тағала баршамызды қуанта берсін дегіміз келеді.

Кенжебек Жанәбілов: 2015 жыл мен үшін өте сәтті жыл болды. Шығармашылығымда жеке жаңа бейнебаян түсірдім. Егіз қыздарым мектепке барды.

Мейрамбек Беспаев:  Бұл жылы отбасымызда үлкен қуаныш екінші перзентім, ұлым дүниеге келді.

Сонымен қатар, осы жылы дүниеге перзент әкелген бірқатар әншілер де бар. Мәселен, Бейбіт Сейдуалиева Тоқтарға егіз ұл силап, бүкіл қазақ елін бір қуантқан болса, Нұржан Керменбаев, Алмас Кішкенбаев, Ерлан Орынбасаров пен Баян Нұрмышова, Мирас пен Құралай да қой жылы сәбилі болды. Ал қызды болған Сиви Махмудиге жары Bentley көлігін сыйлағыны ел есінде. Сонымен қатар,  «Кеш you» тобының экс әншісі Айдана Меденова өмірге  қыз әкеліп ана атанған болатын. Кең дауысты Маржан Арапбаева да қой жылы қызды болды.

Роза Рымбаева: Осы жылы сахнада жүргеніме 40 жыл толды. Осыған орай туған күнімді еліммен бірге атап өтіп, жеке ән кешімді бердім. Өздеріңіз білесіздер менің концерттерім «Көктем шақырады», «Мен шақырамын» деп аталатын. Бұл жолы бәрі де басқаша туған күнмен астарласқан тамаша ән кеші болды.

Мақпал Жүнісова: Қой жылы мен үшін жаман болған жоқ. Жақсылықтар өте көп болды. Жаңа әндер жазылды. Концерттер  де көп берілді.  Жаңа бейнебаяным мен альбомым шықты. Сонымен қатар, туған жерім Қарағандыда  есімім жұлдыздар аллеясында  қашалып жазылды.

Айгүл Иманбаева:  Жыл соңында "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді.  Бұл үлкен жетістік болғанымен үлкен жауапкершілікті, жүкті арқалғанмен бірдей. Сонымен қатар, осы жылы жеке мектебім ашылды. Бұл өнер-білім орталығына келген балалар ән, би, актерлік шеберлікпен қоса бірнеше тілді меңгеріп, қосымша сабақтарға қатыса алады.

Роза Әлқожа:  Бұл жылға айтар өкпем  жоқ. Қазақ қыздарының құдайға да адамға сүйкімді болсын деген ниетте «Мен сыйға тартқан орамал» деп аталатын жеке орамал дүкенімді аштым.

Қой жылы тоқшылық пен молшылық жылы болды. Сонымен қатар, жақсы жаңалықтарымен де ел есінде қалды. Ал келер жылдан да осындай жақсы-жақсы жаңалықтар күтетін боламыз!

Н. Үсенова