Алматыда Батырхан Шүкеновтің «Аманат» альбомының тұсауы кесілді

Алматыда Батырхан Шүкеновтің «Аманат» альбомының тұсауы кесілді
Фото: tengrinews.kz

«Бұл альбомды кезінде Батыр өзі шығарамын деп әзірленіп жүрген еді. Кей әндер бұрын жазылып қойған. Кей әндер соңғы айларда жазылып жатыр еді. Альбомға ең  үздік әндер жинақталған. Сіздерге «Аманат» ұнайды деген үміттемін. Себебі өзім тыңдаудан жалыққан емеспін. Осы еңбекті шығаруға көмектескен адамдарға үлкен алғысымды айтамын», — деді Батырхан Шүкенов атындағы қордың директоры Олжас Байқанов.

Сондай-ақ  қор  өзінің  жоспарларымен де бөлісті. Айтып өтетін болсақ, келесі жылы Алматыда Батырхан Шукенов атында үлкен жеті күндік фестиваль өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Алматы, Астана және Қызылорда, өзгеде облыстар бойынша Батырхан Шүкенов фотокөрмесін өткізу мен әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм түсіру жоспары бар. 

Альбомға Қуат Шілдебаев, Еркен Ынтықбаев, Ринат Ғайсин, Төлеген Мұхамеджанов, Шәмші Қалдаяқовтың 10 композициясы кірген.

Естеріңізге сала кетейік, 8 желтоқсан күні  Алматы қаласындағы Республика сарайында, сағат 19.30 да Батырхан Шүкеновті еске алу  кеші өтеді. Оған қазақстандық және ресейлік өнер жұлдыздары қатысады. Әншінің 30 танымал әні ұсынылады. Әрине, олардың арасында "Джулия", "Твои шаги", "Стоп, ночь", "Отан ана", "Сағым дүние" және т.б. көптеген әндері бар. Б.Шүкенов әндерін оның достары: Роза Рымбаева, Еркеш Шакеев, «A'Studio», JCS тобы, Дильназ Ахмадиева, «Мюзикола» тобы, Владимир Пресняков, Игорь Саруханов, Юлия Началова және тағы басқалары орындайды.

Дереккөз: tengrinews.kz

Н. Үсенова