Айқын ресейлік әнші Сосо Павлиашвилимен дуэт құрды

Айқын ресейлік әнші Сосо Павлиашвилимен дуэт құрды
Фото: baistars.kz

Қазақстандық әнші Айқын Төлепберген мен ресейлік музыкант Сосо Павлиашвили бірігіп ән жазды. Айқынның айтуынша дуэт жазу туралы ой жақында ғана келген. «Мен  қараша айының басында концерттердің бірінде Қазақстанға ресейлік және шетелдік әртістерді әкеліп жүрген Аслан Тілеубаймен кездесіп қалдым. Сөз арасында ресейлік әншімен дуэт айту туралы әңгіме болды. Мен Асланнан өтініп едім, қандай әншімен ән айтқым келетінін сұрады. Мен  Сосо Павлиашвилимен ән айтуды қалайтынымды жеткіздім. Оның әндері, шығармашылығы, сахнада өзін ұстауы маған бұрыннан ұнайтын. Караокеге барғанда да, соның әндерін таңдайтынмын. Екі күннен соң маған Сосо Павлиашвилидің келіскенін жеткізді» − дейді Айқын.

Жақынды Айқын Мәскеуге барып, бірге ән жазып қайтты. «Мен екі әнді ұсындым, ол да екі әнін көрсетті. Соңында Сосоның өзі жазған бір әнге тоқтадық» − дейді Айқын. Ән жазу кезінде Сосо Айқынға: «Айқайлама, ән айтқанда өзіннің сүйіктіңнің құлағына сыбырлағандай айт» − деген. Бұл сөз Айқынның көңілінен шығыпты.

Екі әншінің бірігіп жазған әнін тыңдармандар осы жылдың соңына дейін ести алады.  Ал бейнебаян желтоқсанның ортасында түсіріледі деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Айқын дайындық кезіндегі суреттері мен видеоны Instagram парақшасына жүктеп қойған.

Айқын Павлиашвилимен бірге жұмыс істеген сәтінен керемет әсер алғанын алға тартады. «Жақсы адамның қасында өткізген бір сағатың бір кітапты оқып шыққанмен тең. Нағыз музыкант. Өз ісінің кәсіби шебері», — дейді отандық әнші микроблогында.

Дереккөз: baistars.kz

Н. Үсенова