"Аппақ гүлдер" - Ақбота Керімбекованы танымал еткен ән

"Аппақ гүлдер" - Ақбота Керімбекованы танымал еткен ән

Белгілі әнші Ақбота Керімбекова бағы «Аппақ гүлдер» әнімен ашылғандай. Қалың көпшілікке назды әнімен танылған әнші үшін бұл ән өнердегі төлқұжаты іспетті. Әдемі әннің авторы сазгер Құралай Сәтмұхамбетова, ал мәтінін Қуанышбек Төлеметов (1942-2004) жазған.

Құралай Сәтмұхамбетова жұртшылыққа «Алтынай», «Ару Ана» әндерімен таныс. Күндердің күнінде сазгер ақын Қуанышбек Төлеметовпен ойда-жоқта кездесіп қалады. Сол кезде ақын: «Жас кезімде түрткен жыр-өлеңдерім бар еді. Соны бір қарап шығуға қалай қарайсыз?» деп өз кітабын сазгерге табыстайды. Сазгер кітапты қуана-қуана қабыл алып, ақын шығармаларымен таныса жөнеледі. Кенеттен оның көздері «Сезім гүлі» атты өлеңге түседі. Өлең жолдары сазгерді тебірентіп жібереді. Жадында жатталып, ойына әдемі әуен оралады. Бір айдың ішінде ол осы өлеңге ән жазады. Әу баста «Сезім гүлі» деп аталынған ән ел арасында «Аппақ гүлдер» деген атпен кеңінен таралып, танымал болып кетті.

«Аппақ гүлдер» әнін нақышына келтіріп, Ақбота Керімбекова шебер орындап келеді. Белгілі театр және КТК актерлерінің қатысуымен әнге бейнебаян түсірді. Әнші алғашқы жеке шығармашылық концертін осы атпен өткізген болатын. Сондай-ақ, жеке күйтабағын да әнші «Аппақ гүлдер» деп атады.

Аппақ гүлдер

Әнін жазған: Құралай Сәтмұхамбетова

Сөзін жазған: Қуанышбек Төлеметов

Орындаушысы: Ақбота Керімбекова

Тыныш еді өмірім, 
Көріп сені өзгерді. 
Сүйіп сені көңілім, 
Жұлдыздарға теңгерді.

Қайырмасы:

Сөз таппаймын айтуға, 
Мен жүремін қысылып. 
Түсімде де жүрсің ғой, 
Аппақ гүлдер, 
Аппақ гүлдер,
Аппақ гүлдер ұсынып.

Күлім көзің нұрлана 
Тербеп нәзік сезімді 
Айтқан сөзің ойлана 
Жаныма ыстық сезілді

Қайырмасы:

Сөз таппаймын айтуға, 
Мен жүремін қысылып. 
Түсімде де жүрсің ғой, 
Аппақ гүлдер, 
Аппақ гүлдер,
Аппақ гүлдер ұсынып.

Жолға қарап жүремін, 
Қара көзді талдыра. 
Сағынышты жүрегім, 
Бойды өртеп жандыра.

Қайырмасы:

Сөз таппаймын айтуға, 
Мен жүремін қысылып. 
Түсімде де жүрсің ғой, 
Аппақ гүлдер, 
Аппақ гүлдер,
Аппақ гүлдер ұсынып.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: dastan-studio.kz

Ғ. Ұзақ