Әнші Қайрат Түнтековке іздеу жарияланды

Әнші Қайрат Түнтековке іздеу жарияланды
Фото: tn.kz

Қазақстандық әнші Қайрат Түнтековке іздеу жарияланды, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы. Осыдан 3 жылдай бұрын Алматыда жол апатына себепкер болған белгілі әнші зардап шеккен тарапқа төлеуі тиіс өтемақыны әлі бермей жүр екен. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

Еске сала кетейік, Қайрат Түнтеков көлік апатын 2012 жылдың желтоқсанында жасаған болатын. Бас жарылып, адам өлген жоқ. Бірақ оның Toyota Camry көлігі Land Cruiser автомобиліне әжептәуір зақым келтірген. Мұнысы аздай, ол көлігін құжатсыз жүргізген болып шықты. Кейін сот оны сол үшін 40 күнге қамауға алып, джиптің иесіне 4 млн теңге көлемінде материалдық шығын өтеуді міндеттеді. Алайда зардап шеккен Назира Есенамановаға 3 айдың ішінде небәрі 30 мың теңге ұстатқан SuperStar жұлдызы әлі күнге дейін ұстатпай келеді. Кезінде оның әріптестері қолдау ретінде концерт ұйымдастырып, қаржы жинап берген еді. Бірақ жиналған ақша сол күйі өз мақсатына жұмсалмаған көрінеді.

Айта кетейік, әнші Instagram әлеуметтік желісіне тіркелген. Ол соңғы рет 2015 жылдың 16 тамызында сурет жүктеді.

Еске сала кетейік, Қайрат Түнтеков жақында ғана әлемдік хитке бейнебаян түсірді.

М. Бисембаева