Backstreet Boys сахнаға қайта оралды

Backstreet Boys сахнаға қайта оралды

90 жылдары Америкада ерекше танымалдылыққа ие болған Backstreet Boys тобы сахнаға қайта оралды. Бұл туралы The Daily Mail хабарлады. 

Музыканттардың айтуынша, топтың концерті Нью-Йорк қаласында осы жылдың тамыз айына жоспарланып отыр. Айта кетелік музыкалық ұжым толық құраммен соңғы рет 2006 жылы көпшілік алдына шыққан болатын. 

Топ мүшесі Эй Джей Маклин ABC телеканалына берген сұхбатында: "Біз жанкүйерлеріміз үшін 31 тамыз күні алғаш рет толық құрамда шыққалы отырмыз", - деді. 

Backstreet Boys.  I Want It That Way


Соңғы келіп түскен ақпарат бойынша топ мүшелері Брайан Литтрелл (Brian Littrell), Кевин Ричардсон (Kevin Richardson), Ник Картер (Nick Carter), Хауи Дороу (Howigh Dorough) және Эй Джей Маклин (A.J. McLean) қазіргі кезде Лондонда альбом дайындау жұмыстарымен айналысуда. Музыканттардың бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқандығы да белгілі болды. 

Backstreet Boys студиялық альбомын 2013 жылдың көктеміне жоспарлап отыр екен. Айта кетелік, дәл осы уақытта ұжымның құрылғандығына 20 жыл толады. Флорида штатының Орландо қаласында негізі қаланған топ әлемдік танымалдылыққа 1996 жылы ие болды. Музыканттар соңғы рет 2009 жылы This Is Us альбомын тыңдармандарға ұсынған болатын. 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: celebritywonder.ugo.com